Елде 19 қаңтардан бастап Төтенше жағдай күшін жояды

Елде 19 қаңтардан бастап Төтенше жағдай күшін жояды
Фото: massaget.kz

Қазақстанның бүкіл аймағында төтенше жағдай алынып тасталды. Бұл жайлы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Оның айтуынша, 19 қаңтарда жарым түннен кейін, яғни сағат 00:00-ден бастап, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сонымен қатар Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында төтенше жағдайдың күші жойылады.

"Бұған дейін Президенттің Жарлықтарына сәйкес, өзге өңірлерде төтенше жағдай мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын. Осылайша, бүкіл ел аумағы қалыпты өмірге оралады. Төтенше жағдай кезіндегі қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту және еркін жүріп-тұруға, елді мекендерге кіруге және шығуға, т.б. қосымша енгізілген шектеу шаралары да жойылады", - деп жазды Берік Уәли әлеуметтік желіде.

Халықтың бірлігі мен тұтастығының, құқық қорғау органдары мен әскерилердің жанкешті іс-қимылдарының арқасында Қазақстанның барлық аумағында тәртіп пен тыныштық қалпына келтірілді.

Қ. Слямбек