Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Маңғыстауда төтенше жағдай жариялады

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Маңғыстауда төтенше жағдай жариялады
Фото: tengrinews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.

"Президент телевизия арқылы жасаған үндеуінде айтқандай, іштен және сырттан болған сан түрлі ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдайды деп үміттенеді", - делінген Ақорда хабарламасында. 

Мұның алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасап, халықты сабырға шақырған болатын.

Еске салайық, Жаңаөзен мен Ақтаудың мыңдаған тұрғыны жаңа жылдан кейін бағасы күрт шарықтап кеткен сұйытылған газ бағасын түсіруді талап етіп, көшеге шыққан болатын. Олар жолдарды жауып тастаған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке тиісті тапсырма берді. Өңірдегі жанар-жағармай құю бекеттерінің қожайындары өз бастамасымен газ литрін 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін арзандату туралы шешім шығарған. Кейінірек Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен комиссия құрылған болатын. Бүгін үкіметтік комиссия мүшелері Маңғыстау мен Жаңаөзен белсенділерімен келіссөз жүргізіп, оның қорытындысы бойынша сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге дейін төмендегені хабарланды. 

Н. Үсенова