ТЖМ: Қазақстанда өнеркәсіпте орын алар техногенді апат азайды

ТЖМ: Қазақстанда өнеркәсіпте орын алар техногенді апат азайды

Қазақстанда өнеркәсіп пен басқа да салаларда орын алған техногенді апаттардың саны азайған. "2021 жылы 18 апат тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 25 пайызға аз" - деді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, төтенше жағдайлар ведомствасының маңызды бағыттарының бірі – бұл техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қоршаған орта мен ел азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндірер салаға тау-кен, металлургия, мұнай-химия және мұнай-газ өндіру, химия мен басқа да өнеркәсіптік салалар жатады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік қадағалау жүйесі аталмыш салалардағы техногенді апаттардың алдын алуға бағытталған.

Министрдің есебінше, өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын инспекторлар арасында оптимизация процесі жүргізілген көрінеді.

"Бүгінгі таңда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды барлығы 381 инспектор жүзеге асырады, олардың қадағалауына 9 мың кәсіпорын және 230 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектілер бар. Осы жүйе құрылған кезден бастап инспекторлар саны 4,3 еседен астамға қысқарды, 1991 жылы инспекторлар саны 1 648 бірлікті, 2014 жылы – 510 бірлікті, 2020 жылы – 449 бірлікті құрады", - деп атап өтті министр.

Елдің экономикалық өсімен қатар өнеркәсіптің де қарқынды дамуы байқалады. Соның арқасында жыл сайын бақыланатын объектілердің саны артып келеді.

"Бүгінгі күні бір инспекторға жүктеме 603 объектіні құрайды. 2014 жылдан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша функциялар 50 пайыз артқанын атап өту қажет", - деді ол.

Қауіпті өндірістік нысандарын апаттық жағдайдан сақтаудың бірден-бір жолы – бұл инспекторлардың қауіпсіздік талаптарын үнемі қадағалауда ұстауы.

2021 жылы өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша 1500-нен астам тексеру жүргізілген. 27 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған.

"Ағымдағы жылы қауіпті өндірістік объектілерде соңғы оқиғаларды ескере отырып, 18 авария тіркелген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 25 пайыз аз. Десе де өндірісте авариялардың туындау қаупі бұрынғысынша жоғары деңгейде қалып отыр", - дейді Юрий Ильин.

Министр өз сөзінде төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмыс жалғастырылатынын және өнеркәсіптік объектілерде авариялардың туындау тәуекелдерін төмендету үшін қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етуге бағытталатынын атап өтті.

Қ. Слямбек