Шекарадағы 400 ауылға радиотаратқыш орнатылады

Шекарадағы 400 ауылға радиотаратқыш орнатылады

2025 жылға дейін шекаралық ауылдардың 95 пайызына радиомен қамтылмақ. Ал осы жылдың соңына дейін 400 ауылға "Қазақ радиосы" мен "Шалқар" радиолары таратылады. Бұл жайлы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халық алдында есеп беру кезінде мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, биыл қазақ баспасөзінің басында тұрған қара шаңырақ – "Қазақ радиосының" құрылғанына 100 жыл толмақ.

"Қазақ радиосының бүкіл елді радио-бағдарламамен қамтып отыр. Ел аумағының 90 пайызына тарайды. Жуырда елдің жетекші жоғары оқу орындарының бірінен "Қазақ радиосының" аудиториясы ашылып, Орынбор қаласында ескерткіш тақтатас орнатылады", - дейді Аида Балаева.

Ал министрдің айтуынша, ең бастысы – шекаралық аумақтарға радио тарту, соның ішінде, "Қазақ радиосын" таратуды жүзеге асыру жұмыстары қолға алынбақ. Бұл – тарихи мерейтойға үлкен сый болмақ.

"2021 жылдың соңына дейін шекаралық ауылдарға 107 радиотаратқыш орнатылады. Соның арқасында Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының 400 ауылына, 630 мың тұрғынға радио тартылады. "Қазақ радиосы" мен "Шалқар" радиосы қосылады. Радио тарату бойынша жол картасы әзірленген. 2025 жылға дейін шекаралық ауылдардың 95 пайызы радиоарнамен қамтылады", - деп түсіндірді министр.

Қ. Слямбек