Жастарды қолдаудың кешенді жоспары қабылданды

Жастарды қолдаудың кешенді жоспары қабылданды
Фото: massaget.kz

Жастар саясаты саласындағы мемлекеттік органдардың барлық жұмысын бір жүйеге келтіріп, базалық қажеттігінен бастап идеологиялық бағытына дейінгі бүкіл іс-шараны қамтитын құжат қабылданып, жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары дайындалды. Қазір іске асырылып жатыр. Мұны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халық алдында есеп беруінде мәлім етті.

Оның айтуынша, аталмыш жоспарды құру жұмыстары былтыр басталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар саясаты саласындағы бағдарламалардың барлығын біртұтас ұлттық жобаға біріктіруді тапсырған. Соның аясында өңір-өңірде қоғамдық тыңдау мен ашық талқылаулар өтіп, 100-ден астам ұсыныс жобаға енгізілді.

Сапалы білім, тұрғын үй, жұмыспен қамту, мәдени-рухани қолдау сынды 10 негізгі бағыттан тұратын жоспар толық қабылданып, нақты іске асырылып жатыр. Соңғы зерттеулерге көз жүгіртсек, жастар арасында үш негізгі мәселенің бар екенін анықтады. Олар – сапалы білім, жұмыспен қамту және тұрғын үй. Яғни, бұлар – жүйелі түрде шешуді талап ететін мәселелер. Ал бұл мәселелерді шешу үшін стратегиялық құжаттар кешенін қабылдау керек болды,, - деп түсіндірді ақпарат министрі.

Сол үшін бірінші кезекте мемлекеттік жастар саласындағы мәселлер бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізілді. Соның аясында "жастар дамуының индексі", "жастардың әлеуметтік қызметтері", "NEET жастары" категориясы сынды жаңа ұғымдар заңмен бекітіледі. Мәселен, жастарды дамыту индексі жастар саясатын іске асыру, мониторинг, бағалау тәсілдерін біріздендіруге және нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін мемлекеттік, әсіресе, жергілікті органдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұрын 18-29 жас аралығы жастар санаты саналса, қазір 18-35 жас аралығын жас санаты деп тану туралы мәселе талқыланып жатыр. Өйткені қазір жастардың өмір сүру салты өзгерген. Сондықтан алдағы уақытта қабылданатын заңда жастар санатын 14-тен 35 жасқа дейін көтеру, үй алуы үшін арнайы бағдарлама әзірлеу күн тәртібінде тұр. Бұл мәселелердің барлығы жастарды қолдау жоспарымыз аясында жүзеге асырылады.

Екіншіден, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында "Тәуелсіздік ұрпақтары" ұлттық жобасы аясында жастарға қатысты мәселелердің барлығы үйлестіріледі.

Сондай-ақ, NEET жастар категориясымен жұмыс жөнінде республикалық жобалық кеңсе жұмысын бастады. Оның аясында осы категориядағы жастардың бірыңғай мәлімет базасын құру, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту, нақты ұсыныстар әзірлеу және адрестік жұмыс бөлімдерін ашу көзделуде, - дейді Аида Балаева.

Сонымен қатар, биыл "Тәуелсіздік ұрпақтары" түрлі саладағы талантты жастарды қолдауға арналған 30 грант жобасын ұсыну жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жастар және отбасы саясаты бағытында 12 грант жобасы орындалуда. Жыл аяғына дейін тағы 12 жоба іске қосылады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстандағы жастардың қазіргі саны 3 миллион 765 мыңға жетеді. Жастардың саны – халықтың 20 пайыздан астамын құрайды. 500-ден астам жастар ұйымы қызмет етеді.

"2020 жылы Жастар жылының жол картасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы жұмысшы жастар 1 мыңнан жалдамалы пәтерге қол жеткізді. 2021 жылы тағы 3 мың пәтер беріледі", - деді Аида Балаева.

Қ. Слямбек