"Қазақконцерт" ұйымы "Жер сағаты" бүкіләлемдік акциясына қатысты

"Қазақконцерт" ұйымы "Жер сағаты" бүкіләлемдік акциясына қатысты

"Қазақконцерт" ұйымы дүниежүзіндегі ең ауқымды бастама – "Жер сағаты" бүкіләлемдік акциясына қатысты. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.

27 наурыз күні сағат 20:30-да "Қазақконцерт" ұйымына қарасты еліміздің ең үлкен "QAZAQSTAN" орталық концерт залы ішкі және сыртқы жарық құралдарын сөндірді. Әлемнің үздік архитектуралық жобасы болып саналатын "QAZAQSTAN" концерт залы экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтындығын көрсетті.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан акцияға елордадағы өзге де 150 нысан қатысып, электр қуатынан ажыратылды.

Жалпы ауқымды акцияға жыл сайын 180 елден миллиондаған адам қатысып, 1 сағатқа жарық құралдарын өшіреді. Олардың қатарында Эйфель мұнарасы, Биг Бен, Колизей сияқты әлемнің танымал сәулет ескерткіштері де бар.

Бір сағаттық акция ғаламшарды қалпына келтірмесе де, ауаны ластайтын электр қуатын бір сағатқа тежеп, қашықтыққа қарамастан адамзаттың бірлесуіне өз үлесін қосады.

Н. Үсенова