Алматыда Роза Бағлановаға ескерткіш қойылады

Алматыда КСРО халық әртісі, атақты опера әншісі Роза Бағлановаға ескерткіш орнатылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ескерткіш Қабанбай батыр көшесінің оңтүстігі, Күләш Байсейітова көшесінің шығыс маңына қойылады.

Қаланың мәдениет басқармасы өкілі Роза Бағлановаға арналған ескерткіштің үздік жобасын жасауға 2021 жылдың 12 наурызына дейін ашық конкурс жарияланғанын атап өтті.

12 наурызға дейін Роза Тәжібайқызы Бағлановаға арналған ең жақсы ескерткіштің жобасын жасауға ашық конкурс жарияланды. Қазіргі уақытта монументалды өнердің құру процесі жүріп жатқан соң, бюджет 2021 жылдың екінші жартысында қаралатын болады. Әзірге ескерткіш салуға қанша қаражат жұмсалары белгісіз, - деді басқармадан.

Айта кетейік, халық әртісінің ескерткіші өзі дүниеге келген Қызылорда облысының Әйтеке би ауылында 2015 жылы орнатылған.

Роза Бағланова Қызылорда педагогикалық институтында білім алған. 1941 жылы оған Мәскеу консерваториясына жолдама берілді, бірақ соғыс басталып, ол Өзбек КСР-нің мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблімен бірге майданға аттанды. Ұлы Отан соғысы жылдарында әншінің шығармашылық жолы басталды.

Әртістер бригадасының құрамында жүрген ол Кеңес әскері жауынгерлерінің алдында майданда өнер көрсетті. Әнші Лидия Русланованың репертуарынан әндер мен частушкалар, соның ішінде әйгілі "Ах, Самара-городокты" шырқап танылды.

Роза Бағланова – кеңестік, қазақстандық опера және эстрада әншісі. КСРО халық әртісі. Қазақстанның халық қаһарманы.