Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Қандай жаңалығы бар?

Қазақстанда бүгіннен бастап көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. 13 500-ден астам 18-27 жас аралығындағы мерзімді қызметтегі әскери қызметші ел Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарын толықтырады. 

Осы жылдың 5 ақпанында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2021 жылдың наурыз – шілдесінде және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы" Жарлыққа қол қойды.

Қорғаныс ведомствосы әскерге шақыруды ағымдағы жылдың 1 шілдесінде аяқтауды жоспарлап отыр. Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруда қандай жаңалықтар бар? Нендей ерекшеліктер күтіп тұр? Коронавирус пандемиясына байланысты қандай сақтық шаралары қолға алынған?

Екі рет ПТР тест алынады

Көктемгі әскерге шақырылушылардан екі рет, яғни, әскерге шақыру кезінде және әскери бөлімдерге келген кезде құрама пункттерде ПТР-талдама алынады. Жаңа шақырылушыларға екпе жүргізу қызмет өткеру орындарында ұйымдастырылады.

SMS арқылы шақыру алады

Биыл шақырылуға жататын азаматтарды хабардар етудің жаңа тәсілі қолданылатын болады. Пандемия жағдайында қарым-қатынасты азайту үшін цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 сервис қызметі пилоттық режимде SMS-хабарламалар жібереді.

Әскерден ақша беріп құтылуға тырыспау керек

Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы Департаментінің бастығы әскери қызмет – бұл әрбір жастың конституциялық міндеті екенін, ал оны өтуден жалтару қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейтінін еске салады.

Ақша беру жолымен көмек көрсетуге уәде берген адамдардың көмегімен әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату мәселелерін шешуге тырыспаңыз. Бұл халықтың бейхабар екенін пайдаланып, онсыз да әскерге шақыруы кейінге қалдыруды қажет ететін істі қолға алатын алаяқтар, – деген болатын Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы полковник Сәкен Жүсіпов.

Бопсалауда, не туындаған мәселелерді шешу ұзаққа созылған жағдайда полковник Сәкен Жүсіпов "Қарулы Күштер – адалдық алаңы" жобалық офистеріне жүгінуді ұсынған-ды. Әскерге шақыруға байланысты барлық рәсімдер кеңес бере отырып, барынша ашық форматта ұйымдастырылады. Ол үшін жергілікті әскери басқару органдарында электрондық пошта жәшіктері мен әлеуметтік желілерде ресми аккаунттар құрылды.

Әскери қызметке шақыру тәртібі жөнінде білу үшін Қорғаныс министрлігінің сall-орталығына 8 (7172) 72 10 83, 72 16 06, 72 13 89; 72 13 82 телефондары арқылы хабарласуға болады.