2021 жылы Алматыдағы электробус саны 30-ға жетеді

2021 жылы Алматыдағы электробус саны 30-ға жетеді

Алматы қаласының экологиясын жақсарту мақсатында қоғамдық көлік пен такси қызметіне шектеулер қойылмақ. Бұл жайында Алматы қаласында Экологиялық бақылау және реттеу комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасовпен өткен кездесуде айтылды.

Бас спикер Зұлфұхар Жолдасовтың айтуынша, Алматы қаласында ауаға тараған зиян қалдықтардың 52 пайызы – көліктен шыққан түтін мен газ. Қалада 500 мыңдай автокөлік тіркелген. Олар жылына 913 мың жанар-жағармай жағып, 74 мың тонна қалдық шығарады.

Қала экологиясын жақсарту мақсатында аталмыш комитеттің бастамасымен бірнеше шара ұсынылуда. Солардың бірі – қоғамдық көлік пен такси қызметіне шектеулер қою. Атап айтқанда, қоғамдық көліктерді толығымен газбен жүретін көліктерге ауыстырып, электробустардың санын көбейту.

"Қазір қалада бензинмен және дизель отынмен жүретін қоғамдық көліктерді сатып алуға тыйым салынды. 2023 жылға дейін газбен жүретін автобустардың санын 500-ден 2000-ға дейін көбейту жоспарланып отыр", – дейді  Зұлфұхар Жолдасов.

Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының мәліметінше, қазір қалада 10 электробус бар, жақында тағы жетеуі қатарға қосылмақ. Ал келесі жылы электробустардың санын 30-ға дейін жеткізу жоспарда тұр.

"Такси паркінің иелерімен көліктерін экологиялық таза көліктерге ауыстыру жайында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Экологияның өте маңызды екенін кәсіпкерлер де түсініп отыр. Қазір мемлекеттік органдар тарапынан такси қызметі таза көліктерге өтуі үшін көтермелеу, қолдау шаралары ұйымдастырылуда", – дейді Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.  

Сондай-ақ, ҚР Сауда министрлігіне қарасты Техникалық реттеу және метрология комитеті жанар-жағармай бекетіндегі сұйық отын сапасын тексеру жайында заңнамалық өзгеріс дайындап жатыр.

"Заңға өзгеріс келесі жылдың басына енгізілмек, ал жарты жылдан кейін күшіне енеді. 2021 жылдың шілдесінен бастап жанар-жағармайдың сапасын ЕАЭО талаптары мен техникалық реттеуіне сай тексеру жүргізілмек", – дейді комитет заңгері Самат Садықов.

Сондай-ақ көлік құралдарын тексерудің де шаралары қатаймақ. Техникалық байқау мен техникалық бақылау шаралары жүргізіліп, экологиялық үлгіге сай емес көлік иелеріне айыппұл салынады.

Қаланың транспорт жүйесіне қатысты тағы ұсынылатын жоба – Алматы қаласының шетінен автотұрақтар ашу. Сол арқылы қала агломерациясы мен облыстан аудандарынан қатынаған тұрғындардың қала шетіне келіп көлік қоюына мүмкіндік жасау. Ал қала ішінде қоғамдық көлікпен қатынауына болады.

"Алматы – оңтүстік қала, сондықтан велосипедпен қатынауға климат қолайлы. Орбита ауданынан Көк базарға дейінгі веложолды аяқтап, тұрғындарға велосипедпен қатынауына инфрақұрылым құруымыз қажет", – деп ұсыныс айтты "Табиғат" экологиялық одағы басшысы Мэлс Елеусізов.





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

RaiM – 4 DONGELEK