Жұмыспен қамтудың тиімді бағдарламасы

Жұмыспен қамтудың тиімді бағдарламасы
Фото: astana.gov.kz

Қазақстанда "Бизнестің жол картасы", "Жұмыспен қамтудың жол картасы" сынды мемлекеттік бағдарламалардың жалғасы ретінде 2017 жылы "Еңбек" бағдарламасы қабылданған. Ол 2021 жылдың соңына дейін жалғаспақ. Аталмыш бағдарлама негізінде мемлекеттік қолдауды қажет ететін топтарға және кәсіп ашқысы келген азаматтарға шағын несие беріледі.

Қазіргі уақытта бұл бағдарлама ауылды жерде кәсіп ашудың, сол арқылы ауыл халқын жұмыспен қамтудың бірден-бір тиімді бағдарламасы болып отыр. Осы бағдарлама арқылы қарапайым азаматтар 19 млн теңге дейін несие алып, оны жеңілдетілген 6%-бен бес жылда қайтаруға болады. Ал аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшесіне 4 пайыздық жеңілдікпен беріледі. 

Одан бөлек, несие алғысы келген азаматтардың банкке қоятын кепілзаты жоқ не сомасы жетпеген жағдайда, "Даму" қоры несие мөлшерінің 85 пайызына кепілдік береді.

Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама аясында жұмысқа орналасқысы келген жандарға кәсіптік білім беріліп, кәсіби дайындықтан өтеді. Олар ең сұранысы жоғары мамандықтарды оқиды әрі шәкіртақымен, тұратын жермен қамтылады.

 2017 жылдан бері үш жылдың ішінде Қазақстанда осы бағдарламамен өңір-өңірде 40 мың тұрғын несие алып, 1,5 млн жұмыс орны ашылған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, биыл ел өңірлерінде 1,2 млн жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс. Оның 400 мыңға жуығы – осы "Еңбек" бағдарламасы аясында құрылмақ.

Ал бағдарламаға қатысып, одан несие алудың, курстық білім алудың жөн-жосығын жұмыспен қамту орталығына немесе өңірлік кәсіпкерлік палатасына барып жүгіну қажет.

Халықты жұмыспен қамту орталығы жүгінген азаматтың "Еңбек" бағдаралмасына қатысуға қаншалықты мүмкіндігі барын тексереді. Егер қатыса алатын мүмкіндігі болса, оған "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына" не өзге де шағын несие беруші ұйымдарға жолдама береді. Егер азамат бұрын кәсіп бастап көрмеген болса, онда ол кәсіп бастаудың қыр-сырын үйрену үшін "Даму" қорына жіберіліп, "Бастау бизнес" жобасы бойынша сабақ оқып шығады. Ал егер азамат кәсіпкерлік курстан өткен болса, онда оған бірден несие берудің жолдары қарастырылады.

Жұмыспен қамту орталығынан басқа "Даму" қорына да барып жүгінуге болады. Қор мамандарының айтуынша, "Даму" қоры – жүгінген азаматтың қай мемлекеттік бағдарламаға қатысуға қауқары жететінін бағалап, жан-жақты түсіндіріп беретін бірден-бір мекеме.

"Егер жүгінген жанның "Еңбек" бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі болмаса, онда оған несие алудың басқа жолдарын қарастырып, сай келетін бағдарламаларды ұсынамыз. Құжаттарды жинап, банктен несие алуға көмектесеміз", - дейді "Даму" қорының ШҚО аймақтық филиалының бас менеджері Қайнар Ластаев.

Аталған бағдарлама бойынша несие алғандардың бірі – Ернұр Қайыргелді. Қазір жиһаз өндірісімен айналысуға бел буған. Бағдарламаны үйлестіруші мекемелер жас кәсіпкерге құжат жинау мен банкке жүгінуге көмектескен.

"Алған несиеме жиһаз жасайтын құрал-жабдықтар сатып алдым. Ал "Даму" қоры банк талап еткен кепілдікке гарант бере алады. Сол жағынан ұтымды дер едім", - дейді Ернұр Қайыргелді.

Бұдан басқа, "Еңбек" бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант алуға болады. Бұл, әсіресе, аз қамтылған және көпбалалы аналар үшін көмегі зор.

2018 жылдан бастап қолдау көрсетудің жаңаша тетігі іске қосылды. Яғни, жаңа бизнес идея ұсына білген жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтығандар, қоныс аударушылар мен қандастарға, әлеуметтік осал топтарға қайтарымсыз гранттар беріле бастады. Бір гранттың мөлшері 200 АЕК, шамамен, 550 мың теңге.

Гранттар кәсіп ашуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға, жалға алған орынды төлеуге, тағыс басқа мақсаттарда беріледі. Алайда қарызды жабу, үй не жер телімін сатып мен салу үшін алуға болмайды.

Мұндай гранттар азаматтарға бір-ақ рет беріледі. Ал қандай бизнес-идеяға грант берілетін "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған комиссия шешеді.

Қ. Слямбек