Алматыда саяси репрессияға қарсы митинг өтіп жатыр

Алматыда саяси репрессияға қарсы митинг өтіп жатыр
Фото: Vlast.kz

Алматыда саяси репрессияға қарсы, әкімдік рұқсат еткен митинг өтіп жатыр. Оған 150-ден аса адам қатысқан, - деп хабарлайды Vlast.kz.

Митинг Ғылым академиясының алдындағы Уәлиханов алаңында өтіп жатыр. Қатысушылар қоғамдық арақашықтық ұстауы үшін арнайы белгілер салынған.

Алаңға көршілес көшелерде полиция техникасы, арнайы жасақ автобустары байқалған. Төңіректегі кафелер жабық.

Осыған дейін митинг ұйымдастырушылары, құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов оған әр өңірден қатысуды жоспарлап жүргендер қысым мен қоқан-лоқыға тап болғанын жеткізді. Олардың айтуынша, "2020 жылғы 31 қазанда Алматыда өтетін рұқсат етілген митингі қарсаңында бүкіл Қазақстан бойынша адамдарға ескерту айтқан, тінту жасаған, қорқытқан, полиция бөлімшесіне шақырған, Астана (Нұр-Сұлтан), Шымкент, Өскемен, Орал, Ақтөбе, Алматы қалаларынан шықпауға қолхат алған.

"Митингіні біз, яғни құқық қорғаушылар ұйымдастырдық және біз азаматтардың құқығы мен бостандығы шектелгеніне, саяси көзқарас дискриминациясына наразымыз", - делінген ұйымдастырушылар мәлімдемесінде.

Алматы басшылығы саяси репрессияға қарсы митингіні өткізуге тек екінші ретте рұқсат берген. Содан кейін қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин екі рет митинг өткізу идеясына қарсы екенін мәлімдеп, тыйым салу мәселелсін ойланатынын жеткізген. Дегенмен ұйымдастырушылар акцияға тыйым салу туралы ешқандай хабарлама алмаған.

Massaget.kz