Елде жалдамалы жұмысшылар құқығын қорғайтын заң мақұлданды

Елде жалдамалы жұмысшылар құқығын қорғайтын заң мақұлданды
Фото: permkrai.ru

ҚР Парламенті Мәжілісі 14 қазанында "ҚР-ның кей заңнамалық актілеріне қарыздық еңбекті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады. Мұны төменгі палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжіліс депутаттары бастамашы болған бұл заң жобасы қарыздық еңбек саласындағы құқықтық жағдайларды реттейді. Бұған дейін ел заңнамасында мұндай құқықтық реттеу болмаған. Соның себебінен жұмысшының құқығы бұзылу, мемлекет тарапынан қолдау ала алмау сынды келеңсіздіктер орын алған көрінеді.

Мәжіліс депутаты Қанат Мусиннің айтуынша, аталмыш заң жобасы қарыздық еңбек саласында жұмыс істеуші азаматтарды әлеуметтік және құқықтық жағынан қамтамасыз етуге бағытталған. Оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен гигиена талаптарын сақтауды да қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған.

Заңға қарыздық еңбек саласына қатысты жаңа терминдер мен ұғымдар енгізіліп, оларға түсінік берілді. Атап айтқанда, "персоналды беру", "еңбек міндеттері", "еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға", "қабылдаушы тарап жұмыскерлері" сынды ұғымдар енгізілді.

Бұдан басқа, Еңбек кодексіне қабылдаушы тарап пен жіберуші тарап жұмыскерлерінің құқығы мен міндеттерін, қабылдаушы тарап жұмысшыларының жалақысы мен сыйақы мөлшерін, қос тараптың құқығы мен мінденттерін, жауапкершілігін, жазатайым оқиға кезінде тергеп-тексеру тәртібін, персоналды беру қызметтерінің жүзеге асыру тәртібін белгілеп реттейтін нормаларды толықтыру ұсынылды.

Сондай-ақ, аталмыш заң жобасының арқасында ҚР Кәсіпкерлік кодексі мен Қазақстан Республикасының "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы", "Халықты жұмыспен қамту туралы" сынды заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Айта кеткен жөн, қарыздық еңбек дегеніміз – тапсырыс беруші компания мен тапсырыс орындаушы агенттік пен жалдамалы жұмысшы арасында жасалған үш жақты келісім. Бұл саладағы компания мен жұмыскерлер арасында еңбек келісімшарты жасалмайды.

Қ. Слямбек