Қазақстанда АӘК алушылар азайды

Қазақстанда АӘК алушылар азайды
Фото: gov.kz

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар азайды. Егер былтыр 440 отбасына АӘК төленген болса, биыл бұл отбасылардың саны 2,5 есе азайған. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов онлайн-брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек бұл мемлекет тарапынан берілген әлеуметтік төлемақы ғана емес, жағдайы төмен азаматтарға тұрақты табыс табуға, әл-ауқатын көтеруге бағытталған кешенді іс-шара. Ел үкіметі АӘК алушы азаматтарға жеке жағдайын жөндеу мен табыс табуға ынталандыру үшін жұмыс орналастыру, несие мен грант беру, жеке кәсібін ашуға көмектесу сынды қолдау бағдарламаларын ұсынады. Мұндай көмек түрін пайдасына асырған азаматтар көп болған көрінеді.

"Мәселен, былтыр 440 мың отбасына (немесе 2 миллионға жуық азамат) АӘК төленген болса, қазіргі уақытта 131 мың отбасы (660 мың азамат) АӘК алып отыр. Былтырдан бері 59 мың азамат жұмысқа орналасты. Ал пандемия кезінде ел азаматтарының көбі тұрақты табысынан уақытша айырылуына байланысты жыл басынан бері үш кварталда 149 мың жанұяға немесе 766 мың азаматқа АӘК төленген еді. Қазір бұл сан 131 мыңға дейін қайта түсті", - дейді Біржан Нұрымбетов.

Атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтарға жаңа мамандық алу үшін қысқа курстан өту, Бизнес бастау курсын оқу, жеңілдетілген несие мен  қайтарымсыз грант алу, үш айлық АӘК-ті бірден алып, кәсіп ашуға қолдану, жұмыс ұсыну сынды түрлі әлеуметтік қолдау түрлері ұсынылады. Тұрақты табысқа қол жеткізгісі келгендер сондай мүмкіндіктердің бірін таңдайды.

Қ. Слямбек