Әуе рейсінде жанжал шығарған жолаушыны құрықтағандар марапатталды

Fly Arystan әуе компаниясының Алматы – Ақтау бағытындағы рейсінде шу шығарып, экипаж мүшелерін тыңдамаған жолаушының сабыр сақтауына көмектескен спортшылар марапатталды.

24 қыркүйек күні Fly Arystan әуе компаниясының КС7175 рейсінде азамат А. мас күйде экипаж бен жолаушыларды балағаттап, жарты жолда ұшақтың Шымкентке тоқтауын талап етеді. Сөйтіп экипаж мүшелерінің сөзіне құлақ аспай, әуедегі ұшақтың есігін ашуға талпынады. Артынша стюардессаларға сес көрсетіп, медициналық маска тағудан бас тартады. Ұшақ экипажы тыныштық сақтауға шақырғанына қарамастан ол шу шығарып, стюардессаны тұншықтыра бастаған. Абырой болғанда оларға спортқа бейім жолаушылар көмектесіп, бұзақыны құрықтайды. Мас жолаушыны рейс аяқталған соң тәртіп сақшылары алып кеткен.

Fly Arystan әуе компаниясы қиын сәтте экипажға көмектескен спортшылар Нұрлан Боханов пен Манас Тұрабековті марапаттап, әуе билетін сатып алуға ваучер сыйлады.

"Жолаушы өзін дұрыс ұстай алмай, ұшақтың есігін ашуға тырысқан. Қыздар қолынан келгеннің бәрін істеді. Бағымызға орай, ұшақта қиын сәтте көмек қолын созған екі спортшымыз Нұрлан Боханов пен Манас Тұрарбеков болды. Біз өз тарапымыздан алғыс ретінде оларға ұшу сертификаттарын бергіміз келеді", - деді Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер.

Шу шығарған азаматты тыныштандыруға көмектескен Манас Тұрарбеков бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ұстаз. Қолы бос кезде дзюдомен шұғылданып, қол күрестен жарыстарға қатысады. Ал Нұрлан Боханов әкімшілік қызметте болғанына қарамастан спортты әлі тастамағанын айтады.

"Ауылдың шаңында домалап өстік. Бала кезден спортқа икемделіп, футбол мен боксқа қызықтым. Кілемде күресіп, артынша доп қуалап кететінбіз. Қазір әкімшілік қызметте істеймін. Алайда өзімді бабымда ұстау үшін күрес және бокспен шұғылданамын. Груша ұрып, кілемде күресіп тұрамын", - дейді Нұрлан Боханов.

Пандемия кезінде жолаушылар рейс аяқталғанға дейін медициналық маска тағып, санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтауға міндетті. Барлық жолаушы бұл талапты орындай бермейді. Air Astana компаниясының мәліметінше, жылына 400-ге жуық тәртіпсіздік болады. Оның шамамен 20-дан астамы рейсте күш қолданады екен.

Ұшақта шу шығарған азаматқа ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің төрт бабы бойынша айып тағылған. Нақтырақ айтқанда "Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу", "Ұсақ бұзақылық" және "Әуе кемесінде мінез-құлық қиғадаларын бұзу" бойынша жауапқа тартылады.