Бастысы - мәреге жету. ER-BATYR жобасында Africa Eco Race жарысының жеңімпазы Қанат Шагиров

Бастысы - мәреге жету. ER-BATYR жобасында Africa Eco Race жарысының жеңімпазы Қанат Шагиров
Фото: Tengrinews.kz

ER-BATYR жобасының жаңа қонағы - Africa Eco Race ралли-марафонында жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық Қанат Шагиров. Спикер жүргізуші Тимур Балымбетовпен ұзақ мерзімге созылатын жарыстар, ата-аналардың балаларға базалық бағыт берудің маңызы, бизнестегі серіктестің негізгі қасиеттері және неге өмірде бәрі жақсылықпен аяқталатыны туралы сұхбаттасты. Жобаның жаңа шығарылымын ER-BATYR YouTube-каналынан көріңіз.

Жобаның ұйымдастырушылары - Alash Media Group медиахолдингі және Montessori Qazaqstan қоғамдық қоры. Ақпараттық серіктестер - "Жетінші арна" және "ВКонтакте" әлеуметтік желісі. Жобаның серіктесі - Altel ұялы байланыс операторы.

Спикер неліктен Africa Eco Race жарыстарына қатысуға шешім қабылдағанын айтты.

"Алғашында ол тәжірибе ретінде болатын. Ең алғаш рет қатысқан кезде бірден жеңіске жетпейтініңді түсінесің. Тек төртінші реттен қала қолымыздан келді. Алғашында БАӘ-нен сатып алған Toyota-мен бардық, оны бізге "Брат-2" фильміндегідей сатып жіберді, бірақ қалай дегенмен де сол көлікпен жеттік. Ұзақ уақытқа созылатын ралли-марафондарға қатысқан кезде старт қана емес, сондай-ақ мәре де маңызды екенін түсінесің. Ең бірінші мақсатың - мәреге жету, көлікті сындырып алмай, өзіңе зиян келтіріп алмау керек. Негізі оған ықпал ететін нәрсе көп, себебі екі аптаның ішінде кез келген жағдай болуы мүмкін", - дейді Қанат Шагиров.

Оның айтуынша, базалық бағытты ата-ана көрсетуі керек.

"Көп жағдайда маған тәлім-тәрбиені әкем берді, бәрі соның арқасында. Өмірдің базалық бағытын ата-ана береді, сосын әрі қарай өзің дамисың. Қарабайыр естілгенімен ұрлық жасама, адам өлтірме, адал бол, адам бол, сөзіңнен тайма - бұл өмірдің базалық аксиомасы, іргетасы. Мен ұлыма да сол базалық, іргеталық, негізгі білімді дәріптеуге тырысамын, ал әрі қарай өзі дамиды. Ол менің қолымнан келді деп үміттенемін", - дейді спикер.

Сондай-ақ жоба қонағы бизнестегі серіктестің негізгі қасиеттері туралы түсіндірді.

"Серіктесің өз ісінің маманы болуы керек, сөзінде тұратын және адал болуы керек, себебі, меніңше, онсыз адамдармен жұмыс істеу мүмкін емес. Сөзіңде тұру керек", - дейді ол.

Қанат Шагиров өмірде бәрі жақсылықпен аяқталатынын айтады.

"Менің өмірге деген көзқарасым: кез келген нәрсенің бәрі түбі жақсылыққа бағытталған. Себебі бәрі құрдымға кетті деп ойлайтын қиын сәттер болады, ал уақыт өте келе сен бәрі жақсы екенін түсінетін сәт туады. Егер сол кезде қиын жағдай тумағанда, қазір бәрі басқаша болар еді. Қиын жағдайдан шыққан кезде сен артқа қарап: шын мәнінде бәрі ондай жаман емес қой деп ойлайсың", - дейді спикер.

ER-BATYR - ер адамдарға арналған ерлер туралы, ер адамның қоғамдағы ролі, оларға артылған жауапкершілік пен саналы ер адамның отбасының және қоғамның дамуына қосатын үлесі жайлы жоба. Жоба аясында танымал кәсіпкерлер, спортсмендер, түрлі мамандық иелері өмір құндылықтары, жанұясының тұрмыс-салты, сондай-ақ ер адамның отбасындағы және қоғамдағы ролі туралы айтады.

Бұған дейін жоба қонақтары заңгер, блогер, марафон-жүзуші, Oceanman кітабының авторы Ержан Есімханов, альпинизмнен еңбегі сіңген спорт шебері Мақсұт Жұмаев, Chocofamily Holding-тің негізін қалаушы және СЕО Рамиль Мухоряпов, "Жаңа Ұрпақ" республикалық көшбасшылық мектебінің негізін қалаушы Асхат Абжанов, танымал футболшы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Давид Лория, сондай-ақ актер Тәуекел Мүсілім, қоғам қайраткері, әлеуметтік кәсіпкер, Bilim Media Group электрондық білім беру компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі Рауан Кенжехан және "Қазақтелеком" АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Барлық шығарылымды ER-BATYR YouTube-каналынан көре аласыздар.

А. Рысдәулет