Мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылу мәселесі

Мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылу мәселесі

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған бірнеше шара мен арнайы жобалар бар. Мысалы қазіргі таңда олар жұмыс орындарындағы арнайы квота, жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамытудағы қосымша жұмыс орындары, мүгедектігі бар адамдарға арнап арнайы құрылған жұмыс орындары, мүгедектерді кәсіби оқыту ұйымдары арқылы жұмысқа орналаса алады.

Елімізде қазір мүгедектігі бар 705 мың адам тұрады. Олардың әлеуметтік қамсыздандырылуындағы ең негізгі мәселе осы – жұмыспен қамтылуы.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, мүгедектігі бар адамдардың 430,4 мыңы немесе 61%-ы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар және қазір Қазақстанда олардың 25%-і ғана еңбек етіп жатыр. Бұл көрсеткішті болашақта 30%-ке арттыру үшін қосымша 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылуы керек. Осы мақсатта жасалып жатқан бірнеше бағдарлама бар, мысалы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, Мүгедектігі бар адамдарға арналған мамандықтар атласы, Жұмыспен қамтудың 2020 жылға арналған жол картасы.

2017 жылы құрылған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қазіргі таңда 11,4 мыңнан астам адам, Жұмыспен қамтудың 2020 жылға арналған жол картасы бойынша 2,2 мың адамға қолдау жасалып жұмыспен қамтылған.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтудағы стратегиялық жобаның бірі әрі жұмыс берушілердің маман іздеу процесіне көмектесетін «Мүгедек жандарға арналған мамандықтар атласы» да қазір әлеуметтік қамсыздандырудың негізгі тетігі саналады. Бұл – мүгедектердің құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды іске асыру бойынша жасалып жатқан жоба. Атласты әзірлеу және енгізу биылғы жыл соңына дейін жоспарланған. Қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдарға арналған мамандықтардың шектеулі болуы жұмысқа орналасу барысында түрлі қиындық туғызады. Мамандықтар атласы жұмыс берушілерге, жұмыспен қамту орталықтарына, HR саласындағы жеке агенттіктерге қолайлы бос жұмыс орындарын ұсынуға мүмкіндік береді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталмыш Атласты дайындағанда Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Сингапур, Аустралия, Ресей және Германия мемлекеттерінің осыған дейінгі тәжірибелерін негізге алған.

Министр Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, бұл Атласта ағза функцияларының бұзылу түріне қарай мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша ұсыныстар болады. Оларға арналған бос жұмыс орындарын таңдау процесін автоматтандыру үшін Атлас «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасымен интеграцияланбақ. Бұл мүгедектігі бар адамдардың жұмыс іздеуін жеңілдете түседі.

Сонымен бірге атлас жобасы бойынша мүгедектігі бар адамдар арнайы курстарда оқытылып, жұмысқа орналастырылуына қосымша шаралар жасалады. Жоба барысында қала, аудан, ауылдар түгел қамтылу жоспарланған.

Атлас жобасында мүгедектігі бар адамдарға арналған 3 мыңға жуық кәсіп түрі ұсынылады. Мәселен экономист, тігінші, инженер, медициналық диагностика зертханашысы, бухгалтер, суретші-безендіруші, аниматор, бағбан, адвокат, оқытушы, әдіскер, заң кеңесшісі, қор нарығының талдаушысы, сатушы және тағы басқа мамандықтар. Атлас тұжырымдамасына сай жұмыс іздеу процесінде еңбекке қабілетті жастағы және қызметке орналасуға қарсы көрсетілімі жоқ барлық мүгедектігі бар адамдар қамтылады. Ескеретін жайт, жоба жетекшілерінің айтуынша,  мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасқан жағдайда мүгедект бойынша ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақыны алады.

Massaget