Stopfake.kz ресурсы 100-ден астам жалған хабарламаларды әшкереледі

Stopfake.kz ресурсы 100-ден астам жалған хабарламаларды әшкереледі
Фото: blog.radware.com

Коронавирус пандемиясы әлемді жайлаған соң індет жайлы түрлі ақпарат шыға бастады. Оның басым бөлігі шындыққа жанаспайтын, еш қисыны жоқ жалған ақпарат. Елімізде жалған ақпаратпен күресу үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Stopfake жобасы іске қосылды. 

Stopfake.kz жобасы әлеуметтік желілерде WhatsApp-тағы хабарламалар, телеграм-арналарда, YouTube пен Тik-Ток-тағы жалған ақпаратты әшкере ету үшін жасалған. Көбіне оқырман ақпараттың рас-өтірігін анықтамай, оның таралуына себепкер болады. Осындай жағдайлардың болмауы үшін Stopfake жобасы аз уақыттың ішінде жалған ақпаратты тауып, оның рас-өтірігін анықтайды.

Интернет заманына дейін халық ақпаратты дәстүрлі БАҚ-тан алатын болса, қазір олар жаңалықты бір-біріне өзара тарата алады. Соның салдарынан оған субъективті пікірлер қосылып, ақпарат өзгеріп тарайды. Демек халық ресми мақұлданбаған әрі модерациядан өтпеген, даулы жаңалықтарды күнара кездестіруге мәжбүр. 

Жалған ақпараттың тез таралып, талқыға кең көлемде түсуі қоғамдағы резонансқа, соңғы шыққан жаңалыққа тікелей байланысты. Егер ақпарат мазмұны үндеу, үгіттеу, сақтық, агрессиялық сипатта болса, адам миы оны қабылдауға, шын санауға дайын тұрады. Жалған ақпараттан әсер алған қолданушы оны тарата отырып, өзінің іс-әркетінің қаншалықты маңызды екенін көбіне дұрыс бағамдай бермейді. 

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген заңнамаға сәйкес, жалған ақпарат беру, тарату және пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады.

Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.

Биыл фейктер пен манипуляциялар әсіресе жоғарылай түскен. Stopfake.kz жобасының өзі желіде жалған ақпараттың таралуын тоқтату және шатасулар мен түсінбеушіліктердің деңгейін төмендету, сонымен қатар оқырмандарға сыни ойлаудың маңызын еске салу үшін жасалды.

Жаңа ақпараттық ресурс жұмыс істегелі бергі 2 ай ішінде 91 жалған хабарламаны теріске шығарып, 37 тақырып бойынша түсініктеме берді. Жалған ақпарат пен жаңалықтардың, бұрмаланған мәліметтердің басым бөлігі медицина тақырыбы мен әлеуметтік медиа алаяқтықпен байланысты болған.

Интернетте миссиясы осындай ұқсас сайттар көп. Фейкпен күресетін және оқырманын ақпараттың рас-өтірігін ажыра білуге үйрететін ресурстардлың көп болғаны жалған ақпараттың ел арасында тез таралмауының алдын алады. Мәселен, кейінге кезде коронавирус тасымалдаушымен байланысқаныңызы анықтайтын арнайы қосымшалардан аулақ болуды ескертетін ақпарат жиі кездесіп жүр. Хабарламада бағдарламалар осал екенін алға тартып, жеке бас туралы деректер ұрлануы мүмкін екенін жайлы айтылған ақпараттың рас-өтірігін Stopfake интернет-ресурсы анықтады. 

– Індетті жұқтыру қаупі туралы хабарландыру жүйесін пайдалануға келіскеннен кейін телефоныңызда кездейсоқ идентификаторлар пайда болады. Олар әр 10-20 минут сайын өзгеріп отырады. Бұл телефонды бақылауды болдырмауға септігін тигізеді. Телефоныңыз фондық режимде Bluetooth арқылы Індетті жұқтыру қаупі туралы хабарламалар іске қосылған жақын орналасқан телефондармен ұқсас кездейсоқ идентификаторлармен алмасады. Жақын жерде орналасқан барлық құрылғылардың кездейсоқ идентификаторлары телефоныңызда сақталады. Егер біреу қосымшасында COVID-19 коронавирустық инфекциясын талдаудың оң нәтижесі туралы хабарласа және сол пайдаланушы құрылғысының идентификаторы телефоныңыздан табылса, сізге хабарлама келіп түседі.

Бұл мобильді бағдарламалардың алғашқы нұсқаларында, соның ішінде жеке мәліметтерді қорғау жағынан кемшіліктер болды, бірақ уақыт өте келе мамандар олардың қауіпсіздігін жетілдіріп, функционалды бөлігін арттырды. Енді осындай көптеген бағдарламаларда коронавирустық инфекцияға тапсырылған тест нәтижелерін жүктеу, вирус тасымалдаушыға жолыққан жағдайда одан әрі әрекет ету туралы ақпарат ұсынылады, тіпті дәрігерден кеңес алу мүмкіндігі де қарастрылған. Індеттің таралуының бірінші толқыны кезінде адамдардың қозғалысын бақылау идеясы үлкен сынға ұшыраса, екінші толқын кезінде Еуропаның көптеген елдерінде мобильді хабарламалар бағдарламасын пайдалануға сұраныс күрт өсіп отыр, – деп түсіндіреді Stopfake.kz сайты.

Stopfake.kz интернет-ресурсы жаңалықтар мен видеолардың рас-өтірігін анықтайды. Оған қоса әлеуметтік желілердегі фейк-аккаунттарды әшкере етіп, алаяқтардың құрсауына түсіп қалмаудың алдын алады. Оған қоса медициналық фейктерді анықтап, мамандардан сұқбат алып, инфографикамен түрлі ақпаратты оқырманына ұсынады. 

Жалған ақпаратты әшкере етуде сіздің де үлесіңіз болғанын қаласаңыз не ақпараттың рас-өтірігін білгіңіз келсе Stopfake.kz редакциясына жіберіңіз. Кез келген жалған болып көрінген ақпаратты +7 707 739 5599 нөмірі арқылы WhatsApp-мессенджері немесе сайттағы нысан бойынша хабарлама жіберуге болады.

Massaget