Қуыршақ театрында Шәмші Қалдаяқовқа арналған қойылым сахналанады

Қуыршақ театрында Шәмші Қалдаяқовқа арналған қойылым сахналанады

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай "Өмір – Өзен" музыкалық театрландырылған қойылымын ұсынбақ. Театр сахнасында тұңғыш қойылғалы отырған спектакль 30 қыркүйек күні көрермендерге жол тартады.

Қойылымның режиссері Еркебұлан Қабдылдың айтуынша, көрнекті композитор, қазақ эстрадасының негізін салушы – Шәмші Қалдаяқов әндерін қазіргі жастарға таныстырған жөн. Өйткені сазгердің соңынан мол мұра қалған.

"Шәмші атамыздың жүрегін жарып шыққан әрбір әнді кеңінен насихаттау біз үшін зор міндет. Бүгінгі таңда ұлттық музыкамызды тыңдамайтын жастар жоқ емес. Ал Шәмші Қалдаяқовтың әндерінде ұлттық құнар, ұлттық мінез тұнып тұр. Шәмшінің әндері әр қазақтың төрінде шырқалып, халықпен бірге жасап келеді. Сондықтан да біздің спектаклімізге келген көрермендер ұлы сазгердің құдіретті әндерімен тағы бір рет қауышады", - дейді қойылым режиссері.

Режиссер Шәмші Қалдаяқовтың талант табиғатын көрсететін қырларын нәзік элементтермен толықтырып, жаңаша бағытта, көрермен талғамына қарай ұсынуды қалайды. Сазгер әндері арқылы көрермендерге ізгі қасиеттер, махаббат, сүйіспеншілік, отаншылдық, рухшылдық сынды рухани қажеттіліктерді сіңіріп, ұлттық нақышпен нәрленген қазыналы азық сыйлауды мақсат еткен.

Қойылымның премьерасы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының YouTube-тегі арнасында көрсетіледі.

Айта кеткен жөн, қуыршақ театры бұған дейін ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын арқау еткен "Мен деп ойла..." атты қойылым сахналаған. Қазақтың тағы бір өнер иесі Шәмші Қалдаяқовқа арналған кезекті қойылым – осы туындының заңды жалғасы.

Жалпы, Қуыршақтар театры қазақ ақын-әншілеріне қойылым арнауды әдетке айналдырған. Театрдың 35 жыл бойы үзбей сахналап келе жатқан танымал қойылымдарының бірі – "Қуыршақ думан". Бұл – әмбебеп туынды. Елге мәлім өнер жұлдыздарының пародиясын жасап, әнін айтқызып, биін билететін бұл қойылым көрермендерге жылы көңіл-күй сыйлау үшін сахналанады. Ешқандай драма не трагедия жоқ. Сөз айтылмайды, тек шоу жасалады.

Цех шеберлері аталмыш қойылымға арнайы жұлдыздардың қуыршағын жасап шыққан. Олар – Абайдың, Димаштың, Роза Бағланованың, Музарт тобының, Майкл Джексонның, Фарух Закировтың (Ялла тобының әншісі), Ғарифолла Құрманғалиевтің қуыршақтары. Театрдың қуыршақ коллекциясы 500-ге жетеді.

- Димаштың қуыршағын жасар кезде, оның мінез-құлқы мен қимыл-қозғалысына, ән айту мәнеріне, бет пішініне қарап, біраз зерттедім. Бет-әлпетін жасауға төрт күн уақыт кетті, - дейді Димаштың қуыршағын жасаған театр шебер Жандос Сатбеков.

Одан басқа, Мұқағали мен Алдар Көсенің қуыршақтары бар. Енді бұл қатарға Шәмші Қалдаяқовтың қуыршағы да қосылды.

Қуыршақ театрына бүлдіршіннен бастап ересек адамдарға дейін келеді. Театр директоры Талғат Есеналиевтің айтуынша, балаларды театрға тарту үшін ересектерге де қойылым қоюды қолға алған. Қазіргі уақытта театр репертуарында ересек көрермендерге арналған 7 қойылым бар. Енді бұл қоржынға Шәмші Қалдаяқовқа арналған спектакль де қосылып отыр.

Қ. Слямбек