Мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында қандай мәселелер бар?

Мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында қандай мәселелер бар?
Фото: gov.kz

Жыл басында Мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы (МО ИРБП) іске қосылған. Қазір министрліктер, әкімдіктер мен Президентке есеп беретін бірқатар мемлекеттік органдардың сайты осында орналасқан.

Жуырда Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен онлайн-форматта өткен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында МО ИРБП мәселелері талқыланды. Барлық министрліктер мен 12 әкімдіктің, сондай-ақ басқа маңызды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары қалай жұмыс жасап жатқаны айтылды.

Министр мемлекеттік органдардың сайттарындағы ақпарат әрдайым өзекті болуы тиіс екенін атап өтті.

- Кейде сайттардағы ақпарат айлар бойы жаңартылмайды. Бізге, мұндай ескірген ақпарат не үшін керек? Біз өзіміз ұсынылатын бұрыс ақпаратқа және халықтың сыбыстарға сенетініне ренжиміз. Бұл ретте, интернет-ресурстардағы ақпаратты жүйелі түрде жаңартпағандықтан мұндайға өзіміз себепші боламыз. Сондықтан мемлекеттік органдар аталған мәселені ерекше бақылауға алу керек", - деді Аида Балаева.

Отырыс барысында МО ИРБП ғана емес, мүгедек жандардың ақпаратқа қол жеткізу мәселесі, "Мемлекеттік органның ашықтығы" бағытының 5 өлшемі бойынша ("Ашық деректер", "Ашық бюджеттер", "Ашық НҚА", "Ашық диалог" және "Ведомстволық бағынысты ұйымдардың ашықтығы") мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау қорытындылары қаралды.

Сондай-ақ, отырыс қорытындысы бойынша Комиссия мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына ашықтық деңгейін арттыру және кері байланыс сапасын жақсарту жөнінде бірқатар ұсынымдар әзірледі.

Н. Үсенова