Тамызда ауа райы қандай болады?

"Қазгидромет" өкілдері тамыз айына арналған ауа райы болжамын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Күннің ұзақтығы тамызда солтүстік облыстарда 2 сағатқа, оңтүстік облыстарда 1 сағат 20 минутқа қысқарады. Еліміздің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы тамыз айында шілде айынан +2,+2,5 градус, ал оңтүстік облыстарда 1 градус төмен болады. Қазақстанның солтүстігінде орташа айлық ауа температурасы +16+20 градус болады және оңтүстікке қарай +27+29 градусқа дейін жоғарылайды. Тау бөктеріндегі аудандарда биіктеген сайын ауа температурасы +24 градустан (теңіз деңгейінен 450 метр биіктікте) 7,5 градусқа дейін (3 шақырым биіктікте) төмендейді.

Ауа райының консультативтік болжамына сәйкес, жаздың соңғы айында ауа температурасы климаттық норма шамасында болады.

Жауын-шашынның едәуір көп болуы және қатты құрғақшылық, әдетте, тамыз айында сирек кездеседі. 2020 жылғы тамыз айы да жылдағыдай: жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батыс бөлігінде, сонымен  қатар Алматы облысының тау және тау бөктерлі аудандарында - нормадан көптеу болады. Маңғыстау, Қызылорда облыстарында және Ақтөбе облысының оңтүстігінде нормадан аз болады деп күтілуде.

Тамыздың бірінші онкүндігінде тұрақсыз ауа райы циклондармен, атмосфералық фронттармен байланысты болады, олардың өтуі қысқа мерзімді жауын-шашынға, батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда күшті жауын-шашын, сондай-ақ желдің күшеюіне әкеледі. Найзағай құбылыстары мен бұршақтың түсуі шілде айына қарағанда аз болады деп күтіледі.

Еліміздің басым бөлігінде ауа температурасының жоғарылауы байқалады: түнде +15+25 градус шамасында, күндіз +27+37 градус, оңтүстікте +40 градус дейін жоғарылайды. Тек батыста, шығыста және оңтүстік-шығыс аумақтардың таулы аудандарында, Скандинавия мен Таймыр аудандарынан суық ауа массаларының енуіне байланысты бірінші онкүндіктің ортасында ауа температурасы түнде +10+15 градусқа дейін, күндіз +20+27 градусқа дейін төмендейді.

Екінші және үшінші онкүндіктерде жаңбырлы және салқын күндер ыстық және аз бұлтты күндермен ауысады.

Еліміздің солтүстік жартысында ауа температурасының ауытқуы түнде +12+20°С-тан +7+15 градусқа дейін, күндіз +23+30 градустан +15+23 градусқа дейін, ал оңтүстік жартысында және батысында түнде +15+23 градустан +10+18 градусқа дейін, күндіз +30+39 градустан +23+30 градусқа дейін күтіледі.