42 500 теңгені алудың қағидалары

42 500 теңгені алудың қағидалары
Фото: Әлихан Сариев

Қатаң карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) біржолғы төлемді кім ала алады? Оны тағайындауға өтінішті қалай беруге болады, оларды қабылдау қанша уақытқа созылады? Төлем проактивті форматта кімге тағайындалады? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жауап берді.

- Ертеңнен бастап шілде айына 42500 теңге төлеу жөнінде өтінім қабылдауды бастаймыз. Мұндағы жалпы негізгі қағидат – бұл төлем жұмыс істеп жүрген және карантиннің күшейтілген шараларына қатысты табысынан айырылғандарға төленеді. Біріншіден, бұл жәрдемақы карантиндік шектеулерге қатысты ақысыз демалысқа жіберілген жалдамалы жұмыскерлерге беріледі. Бұл жерде өтінішті тек жұмыс беруші жібереді. Жұмыс берушілерге қойылатын бір ғана шарт – олардың жұмысы карантинде тоқтап қалса ғана беріледі. Оны жергілікті аудан, қала бойынша штаттар, Атамекен ҰКП өңірлік өкілдері тексереді. Себебі, қазіргі шектеу шаралары жеңілдеу болғанымен, әр өңірде бас санитарлық дәрігерлер өз шектеулерін қойып жатыр, - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, жоғарыда аталған төлемге келесі санаттағы азаматтар үміткер бола алады:

1) екінші деңгейдегі банктердің қызметкерлерін, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғаларды, мемлекеттік заңды тұлғаларды (шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерін қоспағанда), сондай-ақ акцияларының және жарғылық капиталындағы үлесі 100% мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда, жалақы сақталмайтын еңбек демалысы кезіндегі қызметкерлер;

2) жеке кәсіпкерлер;

3) жеке практикамен айналысатын адамдар;

4) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар (бұдан әрі – АҚС шарттары бойынша табыс алатын жеке тұлғалар);

5) бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар (бұдан әрі – БЖТ төлеуші).

- Жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген және төлемге құқығы бар қызметкерлердің тізімін жұмыс берушілер egov.kz және 42500.enbek.kz порталдары арқылы ұсынады. Олардың қызметінің шектелу фактісін құрамына ҰКП мен кәсіподақтардың өкілдері кіретін аудандық және қалалық штабтар растайды. Басқа санаттар төлемдерді тағайындау үшін өз бетінше өтініш береді. Ол үшін біз бірнеше жолды қарастырдық», – деді Біржан Нұрымбетов.

Жалдамалы қызметкер болып табылмайтын, төлем тағайындауға жататын азаматтар:

- egov.kz – «электрондық үкіметтің» веб-порталы;

- 42500.enbek.kz порталы;

- «Электрондық үкімет» telegram-bot-ы;

- Aitu мессенджерінде42500.enbek.kz қосымшасы;

- екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтініш бере алады.

- Сонымен қатар, біз төлемдерді проактивті форматта тағайындауды қарастырамыз. Біз қызметі шектелген болса, соңғы рет төлем алған азаматтардан SMS арқылы табысын жоғалту фактісін растауды сұраймыз. Оң жауап пен проактивті түрде тағайындауға келісім болған жағдайда, төлемдер өтінішсіз тағайындалады. Олардың порталдарға өтініш беруінің қажеті жоқ, олар өз мәртебесін одан әрі қадағалай алады», – деп толықтырды министр.

Біржолғы төлем қатаң карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табыстан толық айырылу фактісі жоқ адамдарға, оның ішінде:

1) жұмыс берушінің, жеке кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғаның қызметі қатаң карантиндік шектеу шараларының енгізілуімен шектелмеген жағдайда;

2) жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамдарды қоспағанда, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысындағы немесе әлеуметтік демалыстағы сондай-ақ еңбек заңнамасына сәйкес тоқтап тұрудың енгізілуіне байланысты жұмысынан босатылған адамдарға;

3) ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында бірыңғай жиынтық төлем төлеу фактісі анықталмаған БЖТ төлеушілерге;

4) АҚС шарттар бойынша жұмыстарды орындаудан (қызметтер көрсетуден) табыс алатын, ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықта өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары түспеген  жеке тұлғаларға;

5) зейнетақы жарналарын, мемлекеттік жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, қордан төленетін әлеуметтік төлемдерді алушыларға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылмаған адамдарға және Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыс күшінің құрамына кірмейтін, Қазақстан Республикасы бас санитариялық дәрігерінің  қаулысына сәйкес карантиндік шектеу шаралары енгізілген кезеңде БЖТ төлеген адамдарға;

6) толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі адамдарға;

7) біржолғы төлем алушының жоғалтылған табысы қалпына келтірілген жағдайда тағайындалмайды.

Өтініштерді қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Министр өтініш беру тәртібіне қатысты қазақстандықтарға өз өтінішін айтты.

- Сіздерге үлкен өтініш, құрметті қазақстандықтар, бір ғана өтініш беру. Оны екі рет, үш рет, одан көп мәрте бермеуді сұраймыз және әр порталға бір-бір өтініштен тастамауды сұраймыз, оның қажеті жоқ. Бәрібір екінші өтінішіңіз өтпейді. Бірақ ол өз кезегінде, керісінше,  порталдарға салмақ салуы мүмкін және басқа азаматтардың өтініш беруіне кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан бір рет қана өтініш тастаңыздар, сіздерге хабарлама келеді "сіздің өтінішіңіз қабылданды" деп. Содан кейін ертесінен бастап enbek.kz өздеріңіздің статустарыңызды көріп отырасыз, - деп өтінді Біржан Нұрымбетов.

Н. Үсенова