Локдаун деген не?

Локдаун деген не?
Фото: yandex.kz

Елдің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың тарауына байланысты Қазақстан территориясында локдаун шарасы енгізіледі деп мәлімдеген еді. Көптің құлағы естімеген мұндай шараның "карантиннен" айырмасы не деп жүргендер жетерлік. Ендеше карантин мен локдаунның айырмашылығын ажыратып көрелік.

Локдаун сөзі ағылшын тілінен аударғанда "бұғаттау, қамау", "қатаң әрі күшпен орнатылған изоляция" дегенді білдіреді. Яғни, локдаун дегеніміз – төтенше жағдай кезінде тұрғындардың далаға шығуына тыйым салынуы. Негізінде табиғи апат кезінде қолданылатын шара. Алайда коронавирустың өршуіне байланысты ел-елде, жер-жерде локдаун енгізіліп, енді бұл ұғым эпидемия мен дүлей апат кезінде қолданылатын шара деген ұғымға айналды.

Заңгерлердің айтуынша, Қазақстан заңнамасында локдаун ұғымы жоқ. Сондықтан мұның карантиннен еш айырмасы жоқ деуге болады, екеуінің қолданатын шаралары мен шектеулері бір. Мәселен, заңгер Максим Мостовичтің айтуынша, министр "локдаун" сөзін "карантиннен" мезі шыққан елді шошытып алмау үшін айтқан.

 Оның үстіне, коронавирус мәселесіне жаңашылдық әкелуге тырысқан сыңайлы. Бір сөзбен айтқанда, елде тәртіпке бағынған, қатаң карантин енгізілмек,  дейді заңгер.

Локдаунның қатаң карантин екенін әлем елдері енгізген шаралардың сипатына қарап түсінуге болады.

Мәселен, Испания 26 наурыз күні коронавирустың өршіп кетуіне байланысты Еуропада алғашқылардың бірі болып локдаун енгізді. Жеті апта бойы тұрғындарға далаға шығуға тыйым салынды. 2 мамыр күні ғана біраз босаң шараларға белді босатып, бір үйден бір адамның сыртқа шығуына, таза ауада спортпен шұғылдануға, 14 жасқа дейінгі балаларға күніне бір сағат көшеге шығуына рұқсат етілді. Ал қатаң шараның өзі 21 маусым күні ғана алынды.

Локдаунның сипаты әр елде әртүрлі. Мәселен, Нидерландыда шектеу шарасы 15 наурыз күні енгізіліп, "smart lockdown" деген атауға ие болды. Яғни, қатаң шараларға қарағанда, елдің жағдайына орай енгізілген карантин. Қоғамдық орындар, мектеп пен балабақшалардың барлығы жабылғанымен, тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу қойылған жоқ. Тек 1,5 метрлік әлеуметтік арақашықтық сақталуына талап қойды. Соның арқасында мемлекет аурудың да алдын алды, экономикасын да ұстап қалды.

Армения билігі "тотальды локдаун" мен "саналы локдаун" шараларын қатар қолдануда. Елдің премьер-министрі Никол Пашинян 29 маусым күні "тотальды локдаун енгізетін кез келді" деп мәлімдеп, қатаң карантинге көшті. Енді елде азаматтардың жүріп-тұруына толық тыйым салынбақ.

 "Саналы локдаун" дегеніміз азаматтардың өз-өзіне саналы түрде жүріп-тұруына шектеу қоюы. Алайда тиімсіз карантин мен локдаунның соңы ауыр болатынын зерттеулер көрсетіп отыр. Сондықтан біз тотальды локдаун енгізуді жоспарлап отырмыз, қазір дайындық жұмыстары жасалуда. Ауыл-аймақтың бәрін бақылауда ұстауымыз қажет,  деп мәлімдеді Пашинян.

Локдаунды бүкіл елде емес, белгілі бір аумақта ғана енгізген мемлекеттер бар. Мәселен, Германия екі округке ғана енгізді: мектеп, балабақша, көрме мен мұражай жабылды, әлеуметтік арақашықтық сақтауға шақыруда.

Жалпы, локдаун қазір көп қолданылатын сөзге айналып бара жатыр. Yandex іздеу жүйесінің талдауына сүйенсек, қазір бұл сөз ғаламторда ең көп ізделетін сөздердің қатарына еніп үлгерген. Ал британ драматургі Дункан Макмиллан "Love lockdown" атты пьеса жазған екен. Шығармада үйден шығуға тыйым салынған азаматтардың виртуалды өмірі жайлы баяндалады.

Ал министр Алексей Цойдың елдегі эпидемиологиялық жағдайдың алда не боларына байланысты жасаған үш болжамы келесідей:

Бірінші сценарий. Локдаунсыз. Тамыз айының соңына қарай ауруханаға жатқызуды талап ететін коронавирус жұқтырған 27 мың науқас тіркеледі. Инфекциялық және провизорлық төсекке деген қажеттілік 300 мың адамға бағаланады.

Екінші сценарий. Екі апталық ұлттық локдаун енгізу. Күніне ауруханаға жатқызуды қажет ететін 7 000 науқас тіркеледі. Тамыз айының соңында төсек орын қажеттілігі 80 мыңды құрайды.

Үшінші сценарий. Төрт апталық локдаун енгізу. Бұл эпидемияның дамуын көрсетеді. Тамыз айының соңында ауруханаға жатқызуды талап ететін күніне 2 500 науқас тіркеледі және төсек қажеттілігі 30 мыңға дейін өседі. Бұл жалпы ағымдағы жағдайға сәйкес келеді.

Қ. Слямбек