ҚазҰУ әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына енді

Жаһандық ең танымал және беделді Quacquarelli Symonds (QS) рейтингтік агенттігі әлемнің жоғары оқу орындары бойынша зерттеудің биылғы нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Massaget.kz әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

QS аналитикалық есебінде атап өтілгендей, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 42 орынға ілгерілеп, жаһандық рейтингте 165-орынды иеленді және «әлемнің ең үздік 200 университеттерінің қатарына енген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны болды». Посткеңестік елдерден тек екі университет қана осы топқа еніп отыр – М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

– Әлемдік жоғары білім беру тарихында бұрын-соңды болмаған қарқынды дамуды көрсете отырып, 9 жыл ішінде университет шамамен 500 орынға алға жылжыды. Әлемдік рейтингте қысқа уақыт ішіндегі бұндай бірегей ілгерілеу «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ феномені» деп аталып шетелдік сарапшылар назарын өзіне аудартты. Қазақстандық жоғары оқу орны қарқынды дамуының жарқын үлгісі халықаралық академиялық ортада белсенді түрде талқылануда. Көптеген шетелдік жоғары оқу орындары ҚазҰУ-дың оң тәжірибесін қолданысқа енгізуде, – делінген университеттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

Қазіргі уақытта университетте кластерлік тұрғыдан кешенді құрылымдық модернизациялау жүзеге асырылып, нәтижеге бағытталған басқару жүйесі енгізілді. Алдыңғы қатарлы шетелдік университеттермен бірлесе қос диплом бағдарламасы және ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда, соның нәтижесінде Қазақстан бойынша ең көп шетелдік студенттер ҚазҰУ-да білім алуда. Олардың саны қазіргі кезде 15 есе өсті.

«Майкрософт» компаниясы ҚазҰУ цифрлық моделін ең озық тәжірибелердің бірі ретінде таныды. Университетте «ғылыми идеядан бастап оны коммерциализациялауға дейінгі» технологиялық дәліз құрылған. Оны тиімді пайдалану арқасында  университетте 5 жыл ішінде ғылыми жобалар көлемі 2,5 есеге артты. Халықаралық рейтингі жоғарғы журналдардағы қазақстандық авторлардың әрбір бесінші жарияланымы – ҚазҰУ ғалымдарының үлесі. Соңғы 5 жылда университет инфрақұрылымның жалпы аумағы 50% пайызға дейін өсті.

QS рейтингісінде Массачусетс технологиялық университеті көш бастайды, екінші және үшінші орында сәйкесінше – Стэндфорд және Гарвард университеттері (барлығы АҚШ-тың жоғары оқу орындары). 

Айта кеткеніміз жөн, аталмыш QS World University Rankings 2021 жаһандық рейтингке Қазақстанның 10 жоғарғы оқу орны енген:

- Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Нұр-Сұлтан, 357-орын);

- Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (Шымкент, 490);

- Satbayev Universitety (Алматы, 541-550);

- Қазақ ұлттық аграрлық университеті (Алматы, 591-600);

- Абай атындағы ҚазҰПУ (Алматы, 601-650);

- КБТУ (Алматы, 751-800);

- КИМЭП (Алматы, 751-800);

- ҚарМТУ (Карағанды, 801-1000);

- Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ (Алматы, 801-1000).

Ең үздік әлемдік жоғары оқу орындарының ондығын толығымен америкалық және британдық жоғары оқу орындары құрайды.