Алматыда карантин әлі жалғасады

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев коронавирус инфекциясы басталғаннан бері қалада бұл вирусқа 2499 адамның шалдыққанын айтады.

Қазіргі уақытта стационарлық емдеуде 1038 адам жатыр, оның 56-сы – балалар.

- 304 науқастың жағдайы шамалы ауыр, ал 22-сінің жағдайы қиын, 4-еуі хал үстінде жатыр. Қалғандарының жағдай қалыпты. Соған қарағанда коронавирус жұқтырғандардың көбі ауру белгілерінсіз жүре беретін көрінеді, - дейді Әбілдаев.

Кеше Алматыда 76 адам сауығып шықты. Бүгін 30 адам ауруханадан шығарылады. Пандемия басталғаннан бері қалада 1451 азамат аурудан жазылып шыққан.

- Қаладағы карантин режімі әлі сақталады. Сондықтан тұрғындардың абай болғаны, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, тазалық шараларын жасағаны жөн, - дейді бас қоғамдық дәрігер.

Айта кеткен жөн, 31 мамырдағы жағдай бойынша, Қазақстанда бір күннің 476 адам коронавирус жұқтырған.