Нұр-Сұлтанда 2 мыңға жуық медицина қызметкері жалақысына үстемақы алды

Нұр-Сұлтанда 2 мыңға жуық медицина қызметкері жалақысына үстемақы алды

Төлемнің жалпы сомасы 646 млн.теңгені құрады. Нұр-Сұлтанда 1893 медицина қызметкері еңбекақыларына үстемақы алды, деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова. Оның айтуынша, төлемнің жалпы сомасы 646 млн.теңгені құрады және ол Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінді.

«Үстемақы жұмыс істеген уақытына сәйкес есептеледі. Біз 10 сәуірде наурыз айының жұмыс сағаттары бойынша төлем жасадық. Бірінші топта – 400 медицина қызметкері, екінші топта – 950 дәрігер, үшінші топ бойынша – 543 адам алды», – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия  Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында эпидемияға қарсы шараларға қатысқан медициналық қызметкерлердің жалақысына ай сайын үстемақы тағайындау туралы шешімді бекітті. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласында эпидемияға қарсы шараларға қатысып жатқан медицина қызметкерлеріне қаржы бөлумен айналысатын арнайы комиссия құрылды.

«Қауіптілігі аса жоғары жұмыстағы қызметкерлер үшін үстемақы көлемі 20 ЕТЖМ (850 мың теңгеге дейін), қауіптілігі жоғары санаттағыларға 10 ЕТЖМ (425 мың теңге), ал қауіптілігі орташа санаттағы медицина қызметкерлеріне 5 ЕТЖМ (212 мың теңге) құрады», – деді «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кəсіподағының төрағасы Руслан Сатыбалдиев.

Н. Үсенова