«Сергек» жүйесі арқылы карантин кезінде кімдерге айыппұл салынуы мүмкін?

«Сергек» жүйесі арқылы карантин кезінде кімдерге айыппұл салынуы мүмкін?
Фото: astana.gov.kz

Тәртіп бұзушыларға негізсіз қалаға шыққаны үшін алғашында ескерту жасалады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Карантин және төтенше жағдай кезінде «Сергек» жүйесі күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Тексеру жүргізушілерге қатысты жасалады. «Сергек-патруль» базасына автокөлік тоқтаған кезде полицейлер жүргізуші мен көліктің деректерін: ЖСН, көліктің мемлекеттік нөмірі және жүргізушінің нақты тұрғылықты жері мен жұмыс орнын енгізеді. Негізсіз қалаға шыққан тәртіп бұзушылар алғашында ескерту алады. Екінші мәрте тәртіп бұзған жағдайда Нұр-сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешіміне сәйкес 10 АЕК айыппұлдан 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.

«Қайта тексеру кезінде, егер ақпараттық базаның мәліметтеріне сәйкес, азық-түлік пен дәрі-дәрмектер алудан басқа мақсатта, маршрутты негізсіз бұзғаны анықталса, жүргізуші ҚР ӘҚБК 476 бабы («Төтенше жағдай режимін бұзу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады», –делінген хабарламада. Қазіргі уақытта базада ТЖ кезіндегі құқық бұзушылықтар есептелуде. Күн сайын «жұмыс – үй» қағидаты бойынша автокөлік жүргізушілерінің деректері енгізіледі. ТЖ режимі мен карантин тәртібін бұзғаны үшін айыппұлдар бүгінгі күні өзекті.  

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша барлығы 13 000 «Сергек» камерасы бар. Ол күніне 12 млн-нан астам оқиғаны өңдеуге мүмкіндік береді.

Н. Үсенова