«Астана Операның» жетекші солисі онлайн-концерт өткізді

«Астана Операның» жетекші солисі онлайн-концерт өткізді

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы Қазақтелекомның YouTube арнасында тікелей эфирде Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы», Мұратбек Бегалиевтың «Ысық көлді сағыну», Абдулла Тоқайдың «Ана тілі» және ұйғыр, қытай халық әндерін шырқады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Опера дивасы күн сайын вокалдық шеберлігін шыңдау, өнердің сырларына терең бойлау арқылы халықтың зор махаббатына ие болды. Оның қажырлы еңбегі, репертуарын кеңейтуге бағытталған жұмыстары, тынымсыз шығармашылық идеяларды іздестіруі өз  жемісін берді. Сірә, бүгінгі таңда оның есімін білмейтін адам жоқ шығар. Халықтың сүйіктісі, Қазақстанның вокалдық өнерінің әлемдегі лайықты өкілі. Сондай-ақ Майра Мұхамедқызы – дүние жүзінің опера әншілерінің күрделі де беделді шығармашылық жарысы – Мәскеудегі П.Чайковский атындағы халықаралық байқаудың лауреаты (1998) атанған жалғыз қазақстандық опера орындаушысы», - деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Майра Мұхаметқызының онлайн шығармашылық кешінде, Цезарь Кюидің «Царскосельская статуя», Петр Чайковскийдің «Колыбельная песнь в бурю» композицияларын орындаған халықаралық байқаулардың лауреаты арфашы Диляра Қалдыбаева, фортепианошы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Эльмира Ахмедьярова болды.

Live форматта ұйымдастырылған шығармашылық кеште онлайн-аудитория Майра Мұхамедқызына өздерінің лебіздері мен сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар 1 сәуір күні  сопрано дауысының иегері, «Астана Опера» солисі Мәдина Исламованың да онлайн-концерті @etalents.pro тікелей эфирінде өткен. Оның орындауында онлайн-аудитория назарына қазақтың халық әндері «Балқадиша», «Япырай», «Наз қоңыр», сондай-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Толқыма», «Гәкку» және тағы басқа көптеген туындылар ұсынылды.

Айта кетейік, «Қазақтелеком» АҚ Мәдениет және спорт министрлігімен бірге Қазақстан халқына эмоцияналдық қолдау көрсету мақсатында «Карантиндегі жұлдыздар» жобасын қолға алған болатын.

Н. Үсенова