Карантин кезінде Нұр-Сұлтанда жол-көлік оқиғасы 70% азайды

Карантин кезінде Нұр-Сұлтанда жол-көлік оқиғасы 70% азайды
Фото: astana.gov.kz

Елордада карантиндік режимді бұзғаны үшін 200-ге жуық автокөлік арнайы коммуналдық тұрақтарға қойылды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

- Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, карантин енгізілгеннен бері Нұр-Сұлтанда ЖКО 70%, жол қозғалысы ережелерін бұзу 61% азайып, көлік қозғалысы 71% төмендеген. «Тек бір апта ішінде 20 мыңға жуық жүргізуші мен 37 мыңнан астам жаяу жүргіншімен профилактикалық әңгімелесу өткізілді. 200-ге жуық автокөлік ереже бұзғаны үшін мамандандырылған коммуналдық тұрақтарға қамалды. Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелеріне бір апта ішінде 589 адам жеткізілді. Олардың 12-і қамауға алынып, 283-не айыппұл салынды. Сондай-ақ, 124-не ескерту беріліп, қалған істер сотқа жолданды», – делінген хабарламада.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін қажетті шаралар қабылдауда. Полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді. Азаматтар мен автокөліктердің қаланың барлық аудандарында жүріп-тұруы қатаң бақылуда.

Қала аумағы көшелер бойынша бірнеше бөлікке бөлінген. Онда тәртіп сақшылары жағдайды қадағалап отырады. Қалада жалпы саны 26 бекет қойылған.

Н. Үсенова