"Мәңгілік полк онлайн" акциясына 5 мыңнан аса адам қолдау білдірді

"Мәңгілік полк онлайн" акциясына 5 мыңнан аса адам қолдау білдірді
Фото: tengrinews.kz

Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ұлықтауға арналған интерактив акцияға өтініш қабылдаудың үшінші күні өтті. "Мәңгілік полк онлайн" тікелей эфир режимінде Tengrinews.kzMassaget.kz, Salem Social Media, Aitube.kz-те сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сондай-ақ "Жұлдыз FM" және Tengri FM радиостансасында жұлдыздардың құттықтауы болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақстандықтар бұл шараға белсенді қатысып жатыр. 5 мыңнан аса өтініш түскен.

"Біз қазақстандықтарды 9 мамырда карантин режимін бұзбауға шақырамыз. Ол коронавирустың жаппай тарауына әкеліп соғуы мүмкін. Бүкіл ел болып Ұлы Жеңіс күнін үйде, жақындарымыздың ортасында тойлайық. Мәңгілік алау, ардагерлеріміздің портреті, әскери өлеңдер мен құттықтауларды онлайн-көрсетілім барысында тамашалай аласыздар", - дейді Salem Social Media-ның бас директоры Александр Аксютиц.

Сондай-ақ "Бессмертный полк онлайн" акциясын өнер адамдары да қолдады. 

"Менің жасым 91-де. 13 наурыздан бері көшеге шықпадым, үйге де жақындарымнан басқа ешкімді кіргізбеймін. Карантин кезінде де Ұлы Жеңіс күнін тойлауға мүмкіндігіміздің бары қуантады", - дейді танымал опера әншісі Бибігүл Төлегенова. 

Бибігүл Төлегеновадан өзге 9 мамыр қарсаңында Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Мейрамбек Беспаев, Айқын Төлепберген, Нұрлан Абдуллин, Мадина Сәдуақасова және тағы басқалары құттықтау тілектерін айтады. 

Ардагерлерді еске алып, құттықтағысы келетін кез келген адам өз батырының суреттерін және құттықтау роликтерін Aitu мобиль қосымшасындағы Victory арнасына, WhatsApp және Telegram-ға +77016047800 нөмірі бойынша немесе salem@ssmedia.kz электрон поштасына жібере алады. 

"Бессмертный полк" онлайн өтеді. Қалай қатысуға болады?

Н. Үсенова