"Карантин жақсы өтіп жатыр". #КвартирникTengri эфирінде Дана Кентай

"Карантин жақсы өтіп жатыр". #КвартирникTengri эфирінде Дана Кентай

Alash Media Group медиахолдингі мен Pantograph продюсерлік орталығы #КвартирникTengri онлайн-концерттер сериясын жалғастырады. Бүгін, 28 сәуірде, сағат 20:00-де әнші Дана Кентаймен Insta-Live өтеді.

Әншінің айтуынша, карантин жақсы өтіп жатыр. Ол көбіне кітап оқып жүр екен.

"Карантин жақсы өтіп жатыр жалпы. Кітап оқумен, ескі әндерді еске алумен өтіп жатыр. Домбырамды қолыма алмағалы біраз болған еді. Сол домбырамен әндерді қайталап, үйде жаттығулар жасап, дұрыс тамақтануға өтіп деген секілді. Жалпы сол", - дейді әнші.

Дана Кентай оқырмандарға карантин уақытын ұтымды пайдалану жолдарын айтып берді.

"Қазір YouTube желісінде көптеген психологиялық тренинг бар. Жалпы ғаламтор қазір жақсы дамыған. Денсаулыққа байланысты болсын, дұрыс тамақтануға, жаттығуларға байланысты болсын, кез келген сұрақтың жауабын ғаламтордан табуға болады. Тіл үйрену, ағылшын тілін қолға аламын деген жандар болса, онлайн курстар бар. Сондықтан өзіңе керек істі таңдап алса, ғаламтор арқылы көп нәрсені жасауға болады. Көптен бері оқи алмай жүрген кітаптарыңыз болсағ дәл қазіргі кез күшті мүмкіндік. Одан бөлек, пайдалы сериалдар мен кинолар бар. Соларды көруге болады", - дейді әнші.

Әншіден #КвартирникTengri сияқты жобалар туралы ойын сұрадық.

"Менің ойымша, өте жақсы. Карантин кезінде халықтың көңілін көтеру үшін, әншілер мен халықтың ортасындағы көпір іспеттес. Бір-бірімізді жоғалтып алмай, қауышып, әнімізді арнап деген секілді. Соған керемет мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан #КвартирникTengri жобасына үлкен алғысымды білдіргім келеді", - дейді Дана.

Әнші Insta-Live эфирінде репертуарындағы және халық әндерін орындап бермек.

Айта кетейік, #КвартирникTengri жобасы COVID-19 вирусымен күрес кезінде үйде қалып, қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызына мән береді. Бұған дейін жоба аясында Urker тобы, Motor-Roller рок-тобының әншісі Ілияс Аутов, әнші Son Pascal, BluesMotel Indie-rock-тобы, Luina, Ayree, Argymak этнорок-тобының фронтмені Ринат Рамазанов, әнші Алиса Вокс және "Конец фильма" тобының әншісі Евгений Феклистов, Меруерт Түсіпбаева, Ұшқын Жамалбек, Мирас Жүгінісов, Қарақат Әбілдина және тағы басқа әншілер өнер көрсетті.

 
Massaget