#КвартирникTengri. Бүгін Данияр Жұмаділов онлайн концерт береді

 #КвартирникTengri. Бүгін Данияр Жұмаділов онлайн концерт береді
Фото: sputniknews.kz

Alash Media Group медиахолдингі Pantograph продюсерлік орталығымен бірлесе отырып, #КвартирникTengri онлайн-концертін жалғастырады. Бүгін, яғни 27 сәуір күні сағат 20.00-де КВН ойыншысы Данияр Жұмаділов TV YouTube арнасында жанды дауыспен ән шырқайды.

Карантин кезінде үйде отырған танымал әзілкеш уақытын жанұясымен, өмірлік жарына көмектесумен өтіп жатқанын айтты.

- Үй шаруаларына көмектесемін, балаларға уақыт бөлемін. Ойнаймыз, сурет саламыз, ермексаз жабыстырамыз. Әйелім екеуіміз жиһаздарды жинастырып, балконды тазаладық. Сериал көреміз, PlayStation ойнаймын. Бірақ PS ойнауды ешкімге кеңес етпес едім, - дейді Данияр Жұмаділов.

Әртіс бүгін онлайн-концерт беріп, танымал әндердің коверін орындап, қазақ халық әндерін шырқамақ.

Данияр Жұмаділов еліміздің астанасында дүниеге келген. 2012 жылы Қазақ Ұлттық өнер университетін тәмамдаған. Студент кезінде театральды қойылымдарды сахналауға қатысып, КТК қатарында өнер көрсете бастады. 2011 жылы «Қазақтар» («Казахи») КВН командасына қосылды. Ал қазіргі уақытта «Спарта – Астана» командасының капитаны.

#КвартирникTengri жобасы – COVID-19 инфекциясымен күресу шараларын сақтануға шақыратын әлеуметтік бастама. Бұған дейін жобада Urker тобы, Motor-Roller рок-группасының лидері Ильяс Аутов, әнші Son Pascal және BluesMotel тобы, әнші Ayree, Indie-rock-тобы, BluesMotel, Luina, Ayree, Ziruza, Диана Шарапова, Argymak этно-тобының фронтмені Ринат Рамазанов, «Конец фильма» тобының әншісі Евгений Феклистов, «Украина дауысы» шоуына қатысқан Ерлан Байбазаров мен Индира Еділбаева, әнші Алиса Вокс, Melomen тобы, «LampЫ Оркестра» тобы, жас пианист әрі композитор Нұрәлі Бейсеқожа, әнші Дастан Оразбеков өнер көрсетті.

Ал бүгін кешке сағат 20.00-де Данияр Жұмаділов Instagram-дағы парақшада тікелей эфирде концерт бермек.

Қ. Слямбек