Вице-министр: Коронавирус жұқтырғандар саны әлі де өседі

ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны әлі де өседі деп болжам жасады. Мұны Tengrinews.kz хабарлады.

Надыров онлайн-брифинг өткізу кезінде коронавирус инфекциясы жұқтырғандардың саны неге бірден өсіп кеткенін түсіндірді. Оның айтуынша, стратегиялық нысанда жұмыс жасап жүргендерден ауру белгілері табыла бастады.

– Неге көбейіп кетті? Себебі ауру ошағында жұмыс жасап жатқандарды тексеруге көштік. Ең алдымен, олар – медициналық ұйым қызметкерлері. Оларды жаппай сынақтан өткізу керек. Оларды тексеруге материалдар мен тестілеу құралдары жеткілікті. Тексеру кезінде коронавирусқа шалдыққандардың саны өсетіні түсінікті еді. Өкінішке орай, әлі де өсуі мүмкін, – дейді вице-министр.

Надыровтың айтуынша, дәрігерлермен қатар карантин кезінде жұмысқа шыққан полиция қызметкерлері, блок-бекет кезекшілері, дүкен сатушылары мен басқа да адамдар тексеріледі.

– Біздің мақсатымыз – ауру ошағын барынша тез анықтау. Бұл жұмысты барынша ерте бастасақ – соғұрлым тезірек дағдарыстан шықпақпыз, – деп түйіндеді министр орынбасары.

Айта кеткен жөн, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 1275 адамға жетті, 220 адам жазылып шықты, 15 адам көз жұмды.