ДДСҰ коронавирустан құтылудың жолын айтты

ДДСҰ коронавирустан құтылудың жолын айтты
Фото: yandex.kz

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Дэвид Набарро (David Nabarro) коронавирустан құтылудың басты жолын атады. Оның мәлімдеуінше, коронавирусқа қарсы вакцина табылмай адамзат бұл індеттен құтыла алмайды. Мұны ол NBC News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, қазір Еуропа мен АҚШ-тағы коронавирустың тарауы біршама баяулады. Алайда COVID-19 инфекциясын тоқтатын екпе ойлап табылмай коронавирустың таралуын толық тоқтату мүмкін емес. Өйткені коронавирус тұмау вирусы сияқты маусым сайын қайта-қайта бас көтеріп, маза бермейді. Вакцина табылмай эпидемия жалғаса бермек.

- Сондықтан әлем елдері бірігіп вирустың споралық тарауына тоқтау қою үшін арнайы инфрақұрылымдар жасақтап, кейін карантин режімін жеңілдеткені жөн, - дейді Дүниежүзілік ұйымның өкілі.

Джон Хопкинс университеті Зерттеу орталығының деректеріне қарағанда, әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 1,9 миллионнан асып кетті. Оның 600 мыңға жуығы АҚШ-та тіркелгендер. Ал бұл індеттен көз жұмғандардың саны 114 мыңнан асты.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандары саны 1200-ге жақындап қалды.

Қ. Слямбек