12 сәуір – ғылым қызметкерлерінің күні

12 сәуір – ғылым қызметкерлерінің күні
Фото: http://adal.kz/

12 сәуір – Қазақстанда ғылым саласы қызметкерлерінің күні. 2011 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев жарлық шығарып, 12 сәуірді ғылым қызметкерлерінің күні ретінде бекітті. Мерекені атап өту 2012 жылдан басталды.

Дәл осы күні қазақ академигі, ғалым-геолог әрі Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келген.

Қазіргі уақытта Қазақстанның ғылым саласында 22 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді. Қазақстанда ғылым саласының қалыптасуына 1946 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясы құрылуы негіз болды. Содан бері 74 жыл өтті.

Соғыс жылдары Қазақстанда Мәскеу мен Ленинградтан, басқа да өндірістік қалалардан зауыттар мен өндіріс орындары көшіп келді. Олармен бірге жоғары білікті ғылыми қызметкерлерге келіп, елімізде ғылым мамандарын дайындау қолға алынды. Ал соғыс біткеннен кейін КСРО Ғылым академиясына қазақтың жас ғалымдары оқуға, тәжірибе алмасуға жіберіле бастады.

1950 жылдан бастап одаққа енген елдерде жеке-жеке ғылым ордалары құрылып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылық салаларында ғылыми байланыстар орнады. 1980 жж. басына қарай Қазақстанда 21,1 мың адам жұмыс істейтін 140 ғылыми мекеме болды. Ғылым академиясынан 6 институт ашылды.

1996 ж. 11 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Қазақ ауылшаруашылық ғылымдарының академиясы және ҚР Ғылым және технологиялар министрлігі ҚР Үкіметінің құрамындағы орталық атқарушы орган – Қазақстан Республикасының Ғылым Министрлігі – Ғылым академиясына біріктірілді.

Ал 2003 жылы Ғылым академиясына «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» Республикалық қоғамдық бірлестік мәртебесі берілді.

2011 жылмен салыстырғанда "Scopus" деректер базасында қазақстандық ғалымдардың жарияланымдарының жалпы саны 34,5 есеге, "Web of Science" деректер базасында – 59 есеге өсті. Соңғы бес жыл ішінде отандық ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемнің ғылыми журналдарының топ-25%-ына енді. Бұл ретте соңғы жылдары ғылыми жарияланымдар авторларының саны 3 есеге өсті.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, 2020-2022 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 2 есе ұлғаймақ. Ал 2025 жылға дейін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызын ғылымға кететін шығындар құрамақ.

Қ. Слямбек