Коронавирусқа шалдыққандарды емдеуге қанша қаржы кетеді?

Қытайда COVID-19 инфекциясына шалдыққандарды емдеуге қанша қаржы кеткені белгілі болды. Мұны ҚХР Медициналық қамсыздандыру басқармасының медициналық қызметтерді басқару жөніндегі департамент басшысы Сюн Сяньцзюнь хабарлады.

Оның айтуынша, Қытайда COVID-19 инфекциясына шалдыққан бір науқасты емдеуге орта есеппен 21,5 мың юань (3 мың доллардан аса), ал жағдайы ауыр науқасты емдеуге 150 мың юань (21,3 мың доллар) қаржы жұмсалған.

- Кейбір жағдайы тым ауыр науқастарды емдеуге жүздеген мың юаньнан 1 миллион юаньға дейін қаржы жұмсалған кездер болды, - дейді Сюн Сяньцзюнь.

Қытай билігі коронавируспен ауырған науқастарды сауықтыруға барлығы 1,48 млрд юань (211 млн доллар) қаржы құртқан. Бұл шығынның 990 миллион юань қаржысын медициналық сақтандыру жаппақ. Яғни, Қытайда COVID-19 инфекциясымен ауырған 80 мыңнан аса науқастың 52 мыңға жуығын сақтандыру есебінен төленбек.

Дегенмен бұл нақты есеп емес. Өйткені Қытайда коронавирус індеті тоқтағанымен, одан емделіп жатқан 1100-ден аса науқас бар, арасында 139-ының жағдайы ауыр.

Одан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша,  Қытайда коронавирус жұқтырғандар тағы шыға бастады. 11 сәуір күні Қытайда ковид жұқтырған 99 жаңа науқас анықталды. Олардың барлығы шетелден келгендер.