Мүмкіндігі шектеулі жанның күтушілері қалай жәрдемақы ала алады?

Мүмкіндігі шектеулі жанның күтушілері қалай жәрдемақы ала алады?
Фото: yandex.kz

Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі жандардың күтушілері ғана жәрдемақы алатын. Оның көлемі – ең төменгі жалақы мөлшеріндегі жәрдемақы.

Ал қазіргі уақытта кәмелеттік жастан асқан мүгедектердің күтушілеріне де ақы төлене бастады.

Бүгінгі таңда елімізде 1-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 59 мыңға жетіп отыр. Алайда оның 13 мыңы ерекше күтімді қажет ететіндер. 2018 жылдан бастап олардың ата-аналарына, яғни, күтушілеріне өмірлік жәрдемақы тағайындалған.

Жәрдемақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшеріне тең немесе 30 мың теңгені құрайды.

- Жәрдемақы өмірбойына тағайындалады. Бұл ретте бірінші топтағы мүгедекке күтім жасаған жылдар күтуші зейнетке шыққанда оның еңбек өтілі ретінде есептеледі, - дейді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Асхат Сәдіров.

Сонымен қатар, бала кезден бірінші топтағы мүгедектерге берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының көлемі қазіргі кезде 54 306 теңгені құрайтынын ұмытпаған жөн.

Бұдан бөлек, мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік қызметкерлер де бар. Олар қамқорлығындағы адамның үй шаруасына көмектесіп қана қоймай, мерекеде мәдени орындарға баруына мүмкіндік жасайды. Бірақ ондай қызметтің бар екенін бірі білсе, бірі білмес.

Мүгедек жанның күтімі бойынша келісімшарт жасасқан жеке көмекші ғана еңбекақы ала алады.

Жеке көмекшіге еңбекақы шартты түрде келісім жасасқан уақыттан бастап бір жыл көлемінде төленеді. Мұндай жәрдемақы бұрын жоқ болатын. Ал күтуші ретінде жәрдемақы алу үшін мүгедек азаматтың жеке куәлігі, бала кезінен І топтағы мүгедек екенін растайтын кұжаты, тұрғылықты жерге тіркелгені туралы анықтама, қамқоршылық белгіленген жағдайда, оны расайтын құжат, банк шотынан мәлімет беруі керек.

Бұған қосымша бірінші топтағы мүгедектер «жеке оңалту бағдарламасы» негізінде медициналық-әлеуметтік көрсеткіштерге сәйкес қажетті құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етілуі тиіс.

Мүмкіндігі шектеуліі жанның күтушісі ретінде жәрдемақы алғысы келетіндер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мүгедектің тұрғылықты жеріндегі бөлімшесіне, яки медициналық-әлеуметтік сараптама бойынша мүгедектігін белгілеген тұрғылықты жерге барып өтініш жаза алады немесе «Электрондық үкімет» порталы арқылы да өтініш жазуға болады. Өтінішті бала кезінен мүгедек деп танылған І топтағы мүгедек немесе оның заңды өкілі жазады.

Егер үйде екі не одан да көп мүгедек жан болса, жәрдемақыны тағайындау үшін өтініш әрқайысы бойынша жеке-жеке жазылады. Жәрдемақы өтініш жазған адамға, яғни, бір тұлғаға ғана беріледі.

Осылайша жәрдемақыны тағайындауға өтініш білдірген күннен бастап мүгедектіктің бүкіл кезеңіне дейін күтуші қосымша жәрдемақы ала алады. егер құжатта мүгедектік кезеңі «мерзімсіз» деп көрсетілсе, жәрдемақы өмір бойына тағайындалады. Бала кезінен І топтағы мүгедектер күтіміне жәрдемақы өмір бойына беріледі.

Еңбек ететін, табыс табатын азаматтарға (бұл тізімге үйде отырып жұмыс істейтіндер кірмейді), кәмелет жасына толмағандар, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтар, психиатриялық немесе наркологиялық диспансерде тіркеуде тұрғандар жәрдемақы ала алады.

Ал осы мәселе бойыша толық ақпарат алу үшін 1411 нөміріне хабарласуға болады.

Қ. Слямбек