Нұр-Сұлтанда қарт адамдарға дәрі-дәрмек үйге жеткізіледі

Нұр-Сұлтанда қарт адамдарға дәрі-дәрмек үйге жеткізіледі
Фото: profile.ru

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қарт адамдарға дәрі-дәрмектер мен медициналық қорғаныш құралдарын үйге жеткізіп жатыр, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасына сәйкес диспансерлік есепте тұрған және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген егде жастағы адамдарға 25 наурыздан бастап дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдары үйге жеткізіле бастады. 

Өтінімді iKomek 109 нөмірі бойынша, сондай-ақ iKomek 109 мобильді қосымшасы, Telegram чат-боты (t.me/nursultanikomek109_bot), Smart Astana, aitu.city порталы арқылы қалдыруға болады. Өтінімде тұрғынның аты-жөні, ЖСН, мекен-жайы, байланыс нөмірі, дәрілердің тізімі, қалалық емхананың нөмірі және дәрігердің деректері көрсетілуі тиіс.

"Бұл індетті жасы үлкен, созылмалы дерттері бар азаматтар көтере алмай жатыр. Коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу жөніндегі жедел штаб отырысында дәрі-дәрмектерді үйге жеткізуге шешім қабылдадық. Қарт адамдар үйден шықпай, өз денсаулығына жіті көңіл бөлуі маңызды. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларға кепілді әлеуметтік пакетті үйге жеткізетін боламыз. Бізге еріктілер көмектеседі. Барлық қызметкерлер қауіпсіздік шараларын сақтайды, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл шаралар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қажетсіз үйден шықпау керек", - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Қала әкімдігі "Фармация" СҚ-мен бірлесіп, дәріханаларға маскалар мен антисептиктерді әкелу бойынша  жұмыстар жүргізіп жатыр. Бір апта ішінде 650 мыңнан астам маска әкелінді. Қалаға қосымша маскалар мен медициналық қорғаныш құралдары әкелінеді.

Т. Есқали