Уханьда коронавирустың тарауы тоқтады

Уханьда коронавирустың тарауы тоқтады
Фото: inbusiness.kz

COVID-19 инфекциясының тарау ошағына айналған Қытайдың Ухань қаласында бүгін коронавирустың тарауы тоқтады. Яғни, бүгін оны бірде-бір адам жұқтырған жоқ. Бұл ауру тарағаннан бергі бірінші жағдай. Мұны ҚХР Денсаулық сақтау жөніндегі Ұлттық комиссиясы хабарлады.

Денсаулық сақтау жөніндегі комиссияның хабарлауынша, Ухань қаласы орналасқан Хубэй провинциясында кешеден бері бірде-бір адам індет жұқтырған жоқ. Қытайдың өзінде кеше вирус жұқтырды деп танылған 34 адам елге шетелден келген азаматтар болып шықты: Пекинде – 21 адам, Гуандунда – 9 адам, Шанхайда – 3, Хэйлунцзянда – 1.

Джонс Хопкинс университетінің деректеріне сүйенсек, әлемде коронавирусты жұқтырғандардың саны 218 631 адамға жеткен. 8810 адам қайтыс болып, 84 113 адам сауығып кеткен.

Қытайда 81 137 адам ауырып жатса, Италияда 35 713 адам ауырып жатыр. Ал Иранда 17 361 науқас індет жұқтырған.

Осы орайда айта кеткен жөн, Қытай коронавирусты емдеу үшін дәрі-дәрмек ойлап тапты. Әрі дәрінің емі бар екенін хабарлады. Қытайдың Ғылым мен техника министрлігіне қарасты Биотехнология орталығы басшысы Чжан Синьминьнің айтуынша, коронавирустан емделу үшін ішкен дәрі-дәрмектен адамдар жазылып жатыр. 

Шэньчжэн қаласындағы вирус жұқтырған 80 адамның 35-іне дәрі берген дәрігерлер науқастардың 11 күннің ішінде жақсарғанын байқаған.

Қ. Слямбек