Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері – 90 502 теңге

Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері – 90 502 теңге

2020 жылдың 1 ақпанына дейінгі есеп бойынша, Қазақстандағы зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемдерін қоса есептегенде) 90 502 теңге болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, қаңтар айында биылға базалық зейнетақы төлеу үшін мемлекет бюджетінен 62,1 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне 138,4 млрд теңге бөлінді.

2020 жылдың 1 ақпанына дейінгі есепке сай, Қазақстанда 2 млн 222,5 мың зейнеткер бар. Қазақстандағы зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері – 90 502 теңге, салыстыру үшін, 2019 жылдың 1 маусымына дейінгі есепке сәйкес, орташа зейнетақы 85 785 теңге болған еді.

Еске салайық, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін тәжірибесін ескере отырып, әр зейнеткерге жеке-жеке тағайындалады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін ынтымақты жүйеде жинақталған және міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер негізінде сол күннен кейін жинақталған өтіл қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса не мүлде болмаса, базалық зейнетақының көлемі Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ін құрамақ (2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге) және 10 жылан көп әр жыл үшін оның көлемі 2% арта береді. 

Мысал үшін, зейнетақы қорына қатысу өтілі 20 жыл болған азаматтың базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ін құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл және одан да көп болған жағдайда, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100% мөлшерінде тағайындалады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 1998 жылы құрылған еді. Сол уақыттан бері бұл қорға жалақының 10 проценті міндетті түрде аударылып отыруы тиіс. Бұл уақытқа дейін мұндай жарна аударылмаған еді. Зейнетақы азаматтың еңбек өтіліне қарай тағайындалған. Сол себепті, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн әйелдерде 20, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы керек.

Қазіргі уақытта еңбек өтілі қорға аударылған жарнаға қарай есептеледі. Сонда қор 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін ескеріп, 1998 жылдан кейін қорға аударған міндетті зейнетақы жарнасына қарай ынтымақты зейнетақы береді. Мұнда екі тұста да еңбек өтілі есептелген.

Massaget