Педагогика мамандығына түсетін талапкер үшін шекті балл өзгерді

Педагогика мамандықтарына түсетін талапкерлер үшін шекті балл биыл тағы жоғарылайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездескенде мәлімдеді.

2019 жылы педагогика мамандықтарына түсуге шекті балл 60 балға дейін өскен. Енді 2020 жылы шекті межені 70 балға дейін көтеру жоспарлануда.

"Қазір ең үздік мектеп түлектерінің арасында мұғалім мамандығы айтарлықтай сұранысқа ие болмай тұр. Осы ретте талапкерлер тарапынан даярлаудың педагогикалық бағыттары сирек таңдалып жатады. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініш берген кезде талапкерлер көбіне педагогикалық бағыттарды үшінші және төртінші қылып көрсетеді", - деді министр.

Министрдің айтуынша, талапкерлерді педагогика мамандықтарына тарту үшін былтыр ҚР БҒМ-мен бірқатар нақты шаралар қабылданды.

Бұдан бөлек, министр 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындарының мемлекеттік үлгідегі емес, жеке үлгідегі (әскери және арнайы оқу орындарын қоспағанда) диплом беруі туралы норма күшіне енетінін айтты. Бұл жоғары оқу орындары арасындағы бәсекені арттырып, ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасына қатысты жауапкершіліктің өсуін қамтамасыз етпек.

"Енді жұмыс берушілер дипломға емес, түлектің құзыретіне көбірек көңіл бөледі. Жұмысқа орналастыру кезінде жоғары оқу орнының беделі мен имиджі басты рөл атқарады. Студенттер мен ата-аналарды жоғары оқу орнын таңдауда мұқият болуға шақырамыз", - деді А. Аймағамбетов.