Газбен жүретін автокөліктерге жерасты тұрақтарына кіруге тыйым салынды

Газбен жүретін автокөліктерге жерасты тұрақтарына кіруге тыйым салынды
Фото: repost.uz

29 желтоқсаннан бастап газбаллон құрылғысымен жабдықталған көліктерге жабық тұрақтарға кіруге тыйым салынды. Бұл туралы ІІМ ТЖК баспасөз қызметі ресми сауалхатқа берген жауабында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Автокөлік иелерінің газ отынымен жүретін құрылғыны жаппай орнатуына байланысты, сондай-ақ азаматтардан келіп түсетін көптеген өтінішке байланысты жабық тұрақтарға кіруге тыйым салу талаптары белгіленді. Енді тұрғын, қоғамдық ғимараттардағы және оған жапсарлас салынған автокөлік тұрақтарына газбаллон құрылғысымен жабдықталған көліктер кіре алмайды. Сауда орындарының паркингіне лоток, киоск пен дүңгіршектерді арнайы өртке қарсы бөгеулерсіз орналастыруға тыйым салынады", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап қазақстандықтардың шаруашылық қоймалары мен жүк қоймаларында жарылыс қаупі бар заттар мен материалдарды, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды, майды, жанғыш газдары бар баллондарды, қысымдағы баллондарды сақтауға тыйым салынады.

Комитетте жаңа нормалар азаматтар мен мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін айтты. Егер автомобильдегі ГБҚ (газбаллон құрылғы) дұрыс орнатылмаған болса, жақын жердегі адамдарға зиян келтіруі мүмкін.

Бұл талаптар 2000 жылдан бастап мемлекетаралық және ұлттық құрылыс нормаларында көзделген және автомобиль тұрақтарын жобалауға қолданылады.

"Жалпы өрттің 20 проценті автокөлік өртіне тиесілі және соңғы 5 жылда тұрғын үй секторы газбаллоннан шыққан өрттің пайда болу жиілігі бойынша екінші орын алады", - деп нақтылады комитет өкілдері.

Жаңа ережелерді бұзғаны үшін қазақстандықтарға жеке тұлғалар үшін 5 АЕК (2020 жылы 13 255 теңге) және заңды тұлғалар үшін 50 АЕК (2020 жылы 132 550 теңге) айыппұл салынады. Төтенше жағдай салдарының ауырлығына байланысты ережені бұзған адам 50 АЕК әкімшілік айыппұлдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Massaget