Алматыда Орталық аурухананың 90 жылдығы атап өтілді

Биыл – Орталық клиникалық аурухананың (Совмин) 90 жылдығы. Осыған орай Алматыда отандық және шетелдік медицина мамандарының басын қосатын "Денсаулық сақтаудағы инновация – 2019" IV Халықаралық ғылыми форумы өтіп жатыр. 7-8 қараша күндері өтетін форумның ашылу салтанаты бүгін Ғылым ордасында өтті.

Орталық клиникалық аурухана ұйытқы болған іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Жұрынов Марат, ақын Олжас Сүлейменов, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінің басшысы Олег Честнов қатысып, конференцияда алғы сөз сөйледі.

"Кезіндегі Совмин, қазіргі Орталық аурухананың отандық медицианадағы орны ерекше. Бұған дейін қаншама адам бұл мекеменің шипасын алғаны сөзсіз. Аурухана ұжымына толағай табыс, кәсіби жетістік тілеймін. 90 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын!" - деді Олжас Сүлейменов конференцияның ашылу салтанатында.

ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық Орталығының басшысы Алексей  Цой аталған мекеменің қазіргі Қазақстан медицинасындағы рөлі, алдағы жоспары мен аурухана тарихын, бұған дейінгі белді мамандарды еске алды. Совмин басқарушы қызметтегі белді тұлғалар арасында белгілі дәрігер-хирург Нұртас Қазыбаев та бар.

Нұртас Қазыбаев 1996-2012 жылдары ҚР Президенті істері басқармасы жанындағы Орталық клиникалық аурухана хирургия бөлімінің меңгерушісі, 2008-2012 жылдары Орталық клиникалық аурухананың хирургия орталығының жетекшісі, 2012 жылы қаңтар-тамыз аралығында  ҚР Президенті істері басқармасы жанындағы Орталық клиникалық аурухана Бас дәрігерінің орынбасары, Хирургия Орталығының жетекшісі болды. Аталмыш ауруханада сіңірген еңбегі үшін "Құрмет орденімен", "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі" Құрмет белгісімен марапатталған.

Алексей Цой конференцияда Нұртас Қазыбаев сынды медицина мамандарының Орталық аурухананың дамуына қосқан үлесін айрықша атап өтті.

"Денсаулық сақтаудағы инновация – 2019" конференциясы аясында тәжірибе алмасу үшін, форум шеңберінде "Келешектегі қолжетімді медицина. Трендтер және перспективалар" атты шетелдік медицина ғалымдары мен қызметкерлерінің пленарлық отырыстары мен параллель секциялар өтті.

Мұнда ғалым Эрик Аязан "Жылдам қалыпқа келуді және функционал ұзақ өмір сүруді қамтамасыз ететін диагностика мен емдеудің әдістері, профессор Төрегелді Шарманов "Қазақ тағамтану академиясының инновациялық технологиялары", Корея ғалымы Ли Бен Сок "Роботталған хирургия және ғылымның хирургиялық деректері" деген тақырыптарда пленарлық семинар өткізді.