Қазақстан Президенті мен Елбасы француз халқына көңіл айтты

26 қыркүйек күні Францияның бұрынғы президенті (1995-2007 жылдар аралығы) Жак Ширак 86 жасында дүниеден өтті. Саяси тұлғаның қаза болуына байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Франция халқына көңіл айтты.

Мемлекет басшысы бұл туралы өзінің Twitter желісіндегі жеке парақшасында жазды.

"Францияның бұрынғы президенті Жак Ширактың қаза болғаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Ол елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына елеулі үлес қосқан көрнекті саясаткер ретінде жадымызда сақталады. Президент Эммануэль Макронға және бүкіл француз халқына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын", - делінген жазбада.

Ал еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көңіл айту жеделхатында марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, қазіргі Франция президенті Эмманюэль Макронға және барша Франция халқына көңіл айтты.

"Ол өз елінің нағыз патриоты және халықаралық деңгейдегі біртуар саясаткер ретінде аянбай еңбек етті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Франция арасындағы өзара сенімге құрылған диалог пен достық қарым-қатынасты нығайтуға баға жетпес еңбек сіңіргенін ерекше атап өткім келеді. Жак Ширактың жарқын бейнесі тек француз халқының ғана емес, әлем жұртшылығының жадында әрдайым сақталады деп сенемін", - деді Елбасы.