Салық төлемей жүрген адамдардың аты-жөні БАҚ-та жарияланады

Салық төлемей жүрген адамдардың аты-жөні БАҚ-та жарияланады
Фото: freepik.com

1 қазанда салық төлемей жүрген азаматтардың аты-жөні БАҚ-та жарияланады. Бұл туралы Алматы қаласы Медеу ауданының Мемлекеттік кірістер басқармасы хабарлады. 

2019 жылдың 1 қазанында жеке тұлғалардың мүлік салығы мен жер салығын (мүлік салығы) төлеу мерзімі аяқталады. Осы уақыттан бастап мүлік салығын төлемеген адамдардың аты-жөні БАҚ-та жарияланады.

Жеке тұлғалар салық берешегінің жоқтығын қалай тексере алады?

Бірінші кезекте салық берешегі 50 мың теңгеден асатын адамдардың тізімі жарияланады, екінші кезекте қарызы 20 мың теңгеден жоғары және тағы басқаларының аты-жөні жарияланбақ. Тізімде тегі, аты, әкесінің аты және салық қарызының жалпы сомасы көрсетілмек. 

"Салық төлеуден жалтаруға байланысты жайсыз жағдайға тап болмау үшін жақын күндері мүлік салығын төлеуге шақырамыз, - деп ескертті департамент өкілдері.

Сондай-ақ, 19 қыркүйектен бастап мүлік салығы мен жер салығы туралы SMS-хабарламалар қазақстандық салық төлеушілерге (жеке тұлғаларға) жіберіліп отырады. SMS-хабарламалар тарату қызметі пилоттық режимде жеке тұлғаларды салық міндеттемелері туралы уақтылы хабардар ету мақсатында іске қосылды. Сонымен қатар осындай хабарламалар Қазақстан Республикасының ең ірі банктерінің бірі "Kaspi Bank" АҚ мобильді қосымшасы арқылы жіберіледі.

Айта кетсек, 2018 жылдың 1 қазанынан бастап мүлік салығын төлемеген борышкерлер банк қызметтерін пайдалана алмайды.

Massaget