Елордада өтетін The Spirit of Eurasiа фестиваліне тағы кімдер қатысады?

Елордада өтетін The Spirit of Eurasiа фестиваліне тағы кімдер қатысады?
Фото: tengrinews.kz

Нұр-Сұлтанда 5-6 шілде күндері өтетін The Spirit of Eurasia 2019 Халықаралық заманауи этникалық музыка фестивалінің ұйымдастырушылары шоуға қатысатын музыканттар жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Нұр-Сұлтандағы басты open-air алаңда "Бәйтерек" монументінің алдында ZeMe (Латвия), Радик Тюлюш & Mapa (Тыва Республикасы/Ресей) және Svjata Vatra (Эстония/Украина) өнер көрсетеді.

The Spirit of Eurasia - елорда тұрғындарын тамсандырған The Spirit of Astana фестивалінің жетілдірілген түрі. Шоу сағат 17.00-де басталады, кіру тегін. Фестиваль Қазақстандағы Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

Қонақтарды Wyndham Garden Astana қонақүйі күтіп алады. Фестивальдің ресми суы - Calipso.

Svjata Vatra ("киелі от") - эстониялық-украиналық fire-folk топ. Музыканттар дәстүрлі әуендерге негізделген халық әндерін орындайды. 

"Құрметті достар! Сіздерді The Spirit of Eurasia фестиваліне шақырамын! Svjata Vatra тобы сізді 5-6 шілдеде Нұр-Сұлтанда күтеді. "Бәйтерек. Аспан. Жұлдыздар. Музыка. Би. Позитив эмоциялар. Эстонияның және Украинаның халық әндері Viking-Kozak Folk rock стилінде орындалады. Кездескенше, достар!", - деді Svjata Vatra тобының жетекшісі Руслан Трочинский.

Сонымен қатар, биыл елордада өтетін The Spirit of Eurasia фестивалінде көмеймен ән айтудың шебері, Тыва Республикасының музыканты Радик Тюлюш ресейлік "Maрa" тобының музыканттарымен бірге өнер көрсетеді. Radik & Mapa - этникалық музыканың түрлі жанрларында өнер көрсететін танымал екі музыканттың бірлескен жобасы.

"Қайырлы күн, құрметті достар! Сіздерге Radik & Mapa атты жаңа жобаммен таныстырғым келеді. Бұл жобада электронды фолькорлық музыка орындалады. Онда "Иван Купала" жобасының негізін салушы, музыкант Алексей Иванов, сондай-ақ, дыбыс режиссері әрі музыкант Чингиз Соржу қатысады. Қазақстанға қайта-қайта келгіміз келеді, мұнда махабаттың, достықтың атмосферасы сезіледі, мұнда көрермендер үшін тағы да өнер көрсеткіміз келіп тұрады", - деді Радик Тюлюш видеоүндеуінде.

Музыкант Лайма Янсон мен диджей Monsta (бит пен электроника шебері) Латвия атынан қатысатын ZeMe жобасының негізін қалаған. Бұл ұжым латыш дәстүрлерімен шабыттанады екен.

"Сәлем! Біз Латвиядан келген ZeMe ұжымымыз. Қазақстанда тағы да өнер көрсететінімізге қуаныштымыз. 5-6 шілдеде көріскенше!", - дейді музыканттар.

The Spirit of Eurasia фестиваліне әлемнің 14 елінен келген әртістер қатысады 

The Spirit of Eurasia екі күндік музыкалық шоуы - 2012 жылы Tengri FM радиостанциясы негізін қалаған The Spirit of Tengri халықаралық жобасы отбасынан шыққан фестиваль. Бұл мультимәдени жобаның мақсаты - Қазақстанда заманауи EthnoWorld музыкасының ең танымал өкілдерін біріктіре отырып, ұлы дала және бүкіл әлем халықтарының мұрасын таныстыру. Нұр-Сұлтандағы музыкалық мереке биылғы жылдың екінші шарасы болмақ, біріншісі - 25-26 мамыр аралығында Алматыда өткен The Spirit of Tengri фестивалі.

Massaget