Сайлау учаскесінің мекен-жайын Telegram арқылы білуге болады

Сайлау учаскесінің мекен-жайын Telegram арқылы білуге болады
Фото: cyberbannews.com

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жариялаған үндеуінде 9 маусым күні кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін мәлімдеген еді. Осыған байланысты, Қазақстанның барлық аумағында сайлауға қатысты дайындық жұмыстары басталып кетті. Алматы қаласының тұрғындары үшін Алматы әкімдігі жаңалық таратты. Енді қала тұрғындары Telegram мессенджері арқылы сайлау учаскесінің қай жерде орналасқанын үйде отырып-ақ көре алады.

SAILAU_ALMATY2019 Telegram-боты алматылықтарға өзін және жақындарын сайлаушылар тізімінен тексеруге, сондай-ақ өз сайлау учаскесінің мекен-жайын білуге мүмкіндік береді. Чат-ботты пайдалану үшін Telegram-ның іздеу жолағына SAILAU_ALMATY2019 атауын жазып, қосылу және «старт» командасын басу қажет. ЖСН енгізілгеннен кейін виртуалды көмекші сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын жібереді.

Сұрақтар туындаған жағдайда байланыс орталығына мына нөмір арқылы хабарласып, кеңес алуға болады: + 7 727 224 22 22 (сағат 8.00 - 23.00, демалыссыз).

Сондай-ақ ыңғайлы болу үшін Алматы қаласы әкімдігінің және Open Almaty қоғамдық қабылдауының сайттарында арнайы бөлім құрылды. Оның көмегімен ЖСН енгізу арқылы өзіңізді сайлаушылар тізімінен тексере аласыз.

Тоқаев ауылына саяхат: ТүркСіб теміржолының бойындағы бұрынғы станция

А. Қажиев