Назарбаев Университетінде FameLab байқауы өтеді

Назарбаев Университетінде FameLab байқауы өтеді
Фото: Business Event Network

2 наурыз күні сағат 18:00-де Астанада қаласы, Назарбаев Университетінде Astana Science Festival аясында халықаралық FameLab ғылыми коммуникация байқауының финалы өтеді. Байқауға Қазақстанның 10 жас ғалымы қатысады. Байқаудың жеңімпазы Ұлыбританиядағы FameLab халықаралық конкурсына Қазақстанның атынан қатысады.

«Мен шынында да ғылымның маңыздылығы туралы өзімнің жеке көзқарасымды бөлісуге мүдделімін және мен жұрттың барлығы, тіпті балалар да түсіне алатындай етіп, қарапайым тілмен түсіндіруге болады деп ойлаймын. Сондай-ақ FameLab конкурсының басты артықшылығы ғылыммен өзім сияқты әуестенетін жаңа адамдармен танысу», – деп атап өтті Қазақстандағы FameLab байқауының финалына шыққан Рахым Ақмарал.

FameLab байқауы дарынды жас ғалымдарды анықтауға көмектеседі және олардың коммуникациялық дағдыларын дамытуына, жұртшылыққа ғылыми тұжырымдамаларды қарапайым тілмен түсіндіруіне ықпалдасады. Қазақстанда Science Stars конкурсын British Council (Британдық Кеңес) ұйымы «Шеврон» компаниясымен және «Ғылым қоры» АҚ-мен бірлесе отырып ұйымдастырған.

FameLab конкурсы 2005 жылы құрылды. Сол уақыттан бері ғылыми коммуникация саласындағы жетекші дүниежүзілік конкурс болып саналады. Байқаудың мақсаты – таптаурын болған ұғымдарды өзгертіп, ғылымды зерделеуге деген ынтаны көтеру, сөйтіп, түптің түбінде ғылыми зерттеулердің мемлекеттік тұрғыдан қаржыландырылуына негіздеме беретіндей етіп, ғылымды кеңірек аудитория арасында насихаттау. Қазақстанда FameLab алғаш рет 2015 жылы өтті, оған 100-ден астам жас ғалым қатысты.

А. Қажиев