Әлеуметтік кәсіпкерлер өз бизнесін құру бойынша екі күндік семинардан өтті

Әлеуметтік кәсіпкерлер өз бизнесін құру бойынша екі күндік семинардан өтті

2019 жылдың 15-16 ақпанында Атырауда қала әкімдігінің  «I-SEED: Инновациялар – әлеуметтік кәсіпкерлік және білім» серіктестік жобасының, Британдық Кеңес (British Council) және «Шеврон» компаниясының қолдауымен Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі болашақ әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған екі күндік семинар өткізді.

Білім беру жобасының негізгі мақсаты –болашақ кәсіпкерлерді әлеуметтік бизнес негіздеріне үйрету, кәсіпкерлік дағдыларын дамыту және инновациялық идеяларды қолдау арқылы қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелерін шешу.

«Шағын және орта бизнесті қолдау «Шеврон» компаниясының әлеуметтік бағдарламаларының ішіндегі негізгі бағыты болып саналады. Біз әрдайым жастарды қолдаймыз және азаматтардың қаржылық әлеуетін дамытуға тырысамыз. Бұл жоба келешекте қазақстандықтардың өмірін жақсартатынына және еліміздің экономикалық дамуына ықпал ететініне кәміл сенеміз. Ал қатысушылар жаңа дағдыларға ие болып, өздерінің әлеуметтік кәсіпорындарын аша алатынына үміттенеміз», - деді компания өкілі Жанар Қошпанова.

Жобаға барлық әлеуметтік топтар мен әртүрлі жастағы азаматтар қатыса алды және жалпы 40 қатысушы іріктелінді. Іріктеуден өту үшін үміткерлер онлайн-сауалнаманы толтыруға тиісті болды. Іріктеу барысында қатысушылардың Атырау өңірінің өзекті мәселелерін шешу үшін әлеуметтік жоба құру мүддесі негізге алынды.

Семинар барысында болашақ әлеуметтік кәсіпкерлер Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдайтын тәжірибелі әлеуметтік кәсіпкерлермен, ұйымдармен танысып, презентация, пікірталастарға және нетворкингке қатысты.

Эмин Әскеров, “Green TAL” әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы және ӘКМ-нің тренері: «Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебіне қатысушылар өздерінің әлеуметтік жобаларын бастау үшін қажетті білім алды. Екі күндік семинарда олар кәсіпкерліктің теориялық және практикалық негіздерін өтті, бизнес-жоспарлау мен өндірістік шеберханаларды ашу бойынша дайындықтан өтті. Бұл жоба азаматтарға идеяларын біріктіруге және дамытуға мүмкіндік берді»,- деді.

Екі күндік семинар қатысушыларға әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы білімдерін тереңдетіп, жеке әлеуметтік кәсіпорындарын құру және дамытуға мүмкіндік берді.

Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі 2018 жылдың 2 ақпанында Астана қаласында ашылды. ӘКМ-нің қолдауымен 12 әлеуметтік кәсіпорын пайда болды. 2018 жылдың жазғы мауысымында ӘКМ аясында Қазақстанның 13 қалаларына іс-сапар ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – әлеуметтік кәсіпкерлік идеясын тарату.

А. Қажиев