Елордада Аяз атаның ертегідегі резиденциясы ашылды

Елордада Аяз атаның ертегідегі резиденциясы ашылды
Фото: astana.gov.kz

Жаңа жылдың қарсаңында Астана қаласындағы сәулетті «Атырау» көпірінің жанынан Аяз атаның ертегідегі резиденциясы ашылды. Алғаш болып бұл орынға балалар үйінің 6-11 жас аралығындағы тәрбиеленушілері келді.

Түрлі жануардың киімін киген аниматорлар балаларды керемет көңіл күймен қарсы алып, өз араларында квест ойынын ойнатты. Ең қызығы бұл резиденцияда барлығы жиналып, жеке-жеке Аяз атаға арнап хат жазды. Жекелей хаттардан бөлек, балар бірігіп ортақ бір хат жазды. Бұнда балалар қазақстандықтарды келіп жеткен сүйікті мерекемен құттықтап, Жаңа жылды барлық бала тек қуанышты көңіл күймен қарсы алса екен деп жазды. Бұл хатты ертегідегі эльф ит жегілген шанамен Аяз атаға алып кетті. Барлығының хаты жолданғаннан кейін балалар сыртқа шығып сырғанақта ойнап, суретке түсті.

Бұл шараның ұйымдастыру жұмыстарына білек сыбана атсалысқан «Жастар» сарайы директорының орынбасары Юлия Амированың айтуынша, балалардың Аяз атаға жазған хаттары, оның ішіндегі сыйлықтар тізімі әкімдікке табысталыпты.

Бұл шара биыл бірінші мәрте ұйымдастырылып отырған жоқ. Бұл жайлы балалар үйінің тәрбиешісі Татьяна Фенина айтып берді.

«Осы жерде бірінші - алтыншы сыныптарда оқитын оқушылар келді. Балалар үйінің барлық тәрбиеленушілері Аяз атаға хат жазды. Өткен жылы да осылай жасадық, әркім өзі қалаған сыйлығын алды. Біреуі коньки, қуыршақ үйшігін сұрайды, ересек балалардың тілегі күрделі. Мысалы, велосипед сұрайды. Негізінен, қыста балалар коньки, шана, шаңғы алғысы келеді. Бізде Ақкөл кентінің ар жағында өзіміздің мұз айдынымыз бар, оны ересек балалар құяды», - деді Татьяна Фенина.

Шара барысында қонаққа келген балаларды Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина және жоғарыда айтып өткен «Жастар» сарайының директоры Сергей Солодовников келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Аяз атаның ертегідегі бұл резиденциясы 30 желтоқсанға дейін үзіліссіз жұмыс жасамақ. Барлық балалар үшін бұнда кіру – тегін. Ал жоғарыда айтып өткен «Аяз атаның поштасы», «Қысқы дала ойын-сауықтары», «Аяз атаның қонақ бөлмесі» сияқты орындарға тек билетпен кіру керек.

А. Қажиев