Білім - экстремизмнің алдын алудың бір жолы

Білім - экстремизмнің алдын алудың бір жолы
Фото: turkystan.kz

Алматыда "Орталық Азияда білім беру арқылы зорлық-зомбылық экстремизмнің алдын алу" тақырыбында аймақтық семинар өтті. Алқалы басқосуда экстремизм тақырыбындағы өзекті мәселелер сараланды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Қазақстан-2050" стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты жолдауында түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардың келісімі мен татулығына баса мән берген еді. Бұл тақырыпта сөз қозғау, қоғамға ой тастау, түрлі алдын алу шараларын өткізу - әлі күнге дейін маңызды. Оның ішінде - экстремизм мәселесі.

Экстремизмнің алдын алудың бір жолы - білім. Алматыда өткен шараның да ұстанымы осыған саяды. Мәртебелі шараға Юнеско Штаб-пәтерінің Банкок, Алматы және Ташкент кеңселерінің білім беру саласы мамандары және БҰҰ-ның халықаралық мекемелері мен агенттіктерінің сарапшылары қатысты. Семинар барысында қоғамдағы көп түйіткіл айтылып, оның түйінін шешу үшін атқарылатын жұмыстар жайы талқыланды. Сонымен қатар өз ісінің мамандары бір-бірімен тәжірибе алмаса отырып, "Жаһан азаматтығы рухына білім беру: құқықтық мәдениетті тәрбиелеу" контексті негізінде өз ойларын ортаға салды. 

Семинардың мақсаты - ЮНЕСКО-ның білім беру шараларын күшейту және жастардың төзімділігін арттыру, зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын-алу тәсілдерін тиімді және тиісті түрде қамтамасыз ету. Семинарда Орталық Азия аймағындағы зорлық-зомбылық экстремизмі мәселелерін нақты түсіну, білім беру арқылы оның алдын алу бойынша жаңа құралдар мен инновациялық тәсілдерді қолдану ісі кеңінен сараланды.

Шара ба­рысында заң үстемдігіне ықпал ететін білім беру іс-шараларын жоспарлау, білім беру жүйесі мен саясатын дайындауға жауапты тұлғалардың, педагогтар мен мұғалімдердің әлеуетін нығайту туралы маңызды мәселелер көтерілді. Семинарда сөз сөй­леген сарапшылар алдымен Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмі мәселелерін нақты түсініп алу керек деген ойды алға тартты.

- Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық жиынға нысана болуы жайдан жай емес, – дейді сарапшылар. Географиялық жағынан экстремистік қатерге бейім елдердің әлемді алаңдатып отырған мәселелер бойынша тәжірибе алмасып, бірлесіп әрекет етуі қажет. "Әсіресе жастардың кемсітушілікке, мәжбүрлі экстремизмге бой алдырмай, толерантты, тереңірек ойлауға бейім болуы үшін білім беру саласында тиімді жобаларды қолға алу керек", – дейді жиынға қатысушылар.

- Бүгінде көптеген елдер діни, этностық немесе саяси себептерге негізделген зорлық-зомбылық экстремизмнің сын-қатерлеріне тап болып отыр. Бұл ретте Орталық Азия елдері де шетте қалмайды. Сондықтан өңірдегі зорлық-зомбылық экстремизмнің себептерін түсінуді жақсарту маңызды. Осы мәселені талқылау бойынша бірқатар кеңестер өткізілді, онда зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу саласында "жұмсақ тәсілдің" және ағартудың маңызды рөл атқаратыны әрдайым мойындалды. Сондықтан да, мүдделі тараптардың басын қосу арқылы осы семинарды өткізудің маңызы зор болды, білім берудің зорлық-зомбылық зкстремизміне қарсы күш тудыратындығын талдауды мақсат еттік», ‒ дейді Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат.

Халықаралық ұйымның сарапшысы Сәуле Жанатқызы: "Терроризм, экстремизм, радикализм сөздері қазір әр адамға таныс. Сондықтан бүгінгі конференция аталған ұғымдарды тереңірек түсінуге көмектеседі. Қа­зақстанда білім беру арқылы зорлық экстре­мизмін қалай тоқтатуға, алдын алуға болады деген мәселелер де қамтылады. Жалпы, радикализм тек дінмен байла­нысты емес. Дүниежүзіне қарасақ, ради­кализм саяси жағынан да, әлеуметтік жағынан да болуы мүмкін. Қазір көптеген топтар радикализмді саяси тұрғыдан қойып алады да кейін діннің атын жамы­лып жымысқы мақсаттарын іске асырады. Сол себепті, бұл мәселені кешенді түрде қарастыру керек. Қазірден бастап бала­ларымызға, жастарымызға толерантты болуды үйретіп, жан-жағын терең бағдарлай алатын азаматқа айналдыру қажеттілігі туындап отыр", – деді.

"Орталық Азияда білім беру арқылы зорлық-зомбылық экстремизмнің алдын алу" тақырыбындағы үш күнге созылған семинарда ең өзекті мәселелер талқыланды. Білім беру арқылы экстремизмнің алдын қалай аламыз деген түйткілді шешудің жай-жапсары айтылды. 

Ө. Сансызбай